Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталды, деп хабарлайды DalaNews.kz
Соған байланысты «Әділет» партиясы республикалық штабын ашып, алдағы сайлауалды науқанның басым бағыттарын және «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі ұстанымдарын көпшілікке таныстырды.

Партия өкілдерінің айтуынша, бұл құжат сайлауалды уәделер жиынтығы ғана емес, елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған нақты іс-қимыл жоспары. Бағдарлама жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды іске асыруға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әділетті қоғам құруға негізделген.
Республикалық штабтың ашылуында партия төрағасы алдағы сайлау науқанының саяси маңызына тоқталып, Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті.
«Бүгін – 23 шілдеде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау бойынша үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталды. Бұл – мемлекет үшін де, қоғам үшін де айрықша мәні бар оқиға. «ӘDILET» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының реформаларын, еліміздің алдында тұрған зор мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында барлық күш-жігерін жұмсайтын болады», – деді партия төрағасы.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, партияның басты мақсаты – халықтың сұранысын ескереотырып, нақты нәтижеге бағытталған саясат жүргізу.
«Партиямыздың Сайлауалдыбағдарламасы – нақты іс пен жоспарға, тиянақты әрі табанды шешімдерге негізделген кешенді құжат», - деп мәлімдеді Дәдебай.
Партия бағдарламасы қалай әзірленді?
Партия өкілдері сайлауалды бағдарлама қоғам пікірін ескере отырып әзірленгенін ерекше атап өтті. Бағдарламаны дайындау барысындацифрлық платформалар мен QR-кодтар арқылы тұрғындардың ұсыныстары жиналған, стратегиялық сессиялар ұйымдастырылып, сарапшылар мен салалық мамандардың пікірлері талданған. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, өңірлердегі өзекті мәселелер мен азаматтардың негізгі сұраныстарын назарға алған.

Осы жұмыстардың нәтижесінде партия ел дамуының 10 басым бағытын қамтитын бағдарламаны ұсынды. Оның өзегінде адам капиталы, заң үстемдігі, өңірлердің дамуы, әділ экономика, цифрландыру, әлеуметтік қолдау, білім, ғылым және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері тұр. Ал бұл
Партияның 2031 жылға дейінгі 7 нақты мақсаты
Бағдарламада алдағы бес жылға арналған жеті стратегиялық басымдық айқындалған.
Тұрғын үй. Жан басына шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу, апатты тұрғын үйлерді жаңарту және проблемалы үлестік құрылыс нысандарын аяқтау.
Денсаулық сақтау. Орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру, профилактикалық медицинаны дамыту және жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту.
Жұмыспен қамту. Ресми еңбек шарттары мен әлеуметтік кепілдіктері бар 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру.
Экономика. Орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға дейін жеткізу, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту және қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру.
Ауылдарды дамыту. Бір миллион ауыл тұрғынының табысын көбейту, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін ұлғайту және 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген микронесиенің қолжетімді ету.
Азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік.Агроөнеркәсіп өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту, мұнай өндірісінің тұрақтылығын сақтау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атом энергетикасының негізін қалыптастыру.
Бағдарлама қарапайым азаматтарға не береді?
Бағдарламада қоғамның әртүрлі тобына арналған нақты бастамалар қамтылған.Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтейік.
Жастарға сапалы білім мен тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру. Бағдарламаға сәйкес, жыл сайын кемінде 40 мың жас жұмыспен қамтылып, тәлімгерлік жүйесі енгізіледі. Сонымен бірге қайтарымсыз гранттар, білім беру несиелері, стартаптарды қолдау және Astana Hub пен IT-хабтар желісін дамыту көзделген.
Зейнеткерлер үшін профилактикалық медицинаға қолжетімділікті арттыру, жалғызілікті қарттарды ұзақмерзімді күтумен қамту, цифрлық сауатты дамыту және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту жоспарланған.
Скрининг, амбулаториялық бақылау, инфаркттан кейінгі кардиологиялық оңалтуға алысқа бармай-ақ жүгінуге болады. Әр ауданда инвазиясыз диагностика орталығы ашылады. Жүрекке ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасау, артериялық қысымды бақылау, ЭКГ – облыс орталығына сабылмай-ақ жасалады.
Балабақшадағы орын тапшылығын жою.Қазақстандық әр бала қай өңірде тұратынына қарамастан үйінің жанындағы балабақшадан орын алады. Осылайша, 2–6 жастағы балалар арасында балабақша кезегін толық жоюды көздеп отыр.
Үш жасқа толмаған баласы бар ата-аналарға ыңғайлы жұмыс кестесін және қашықтан жұмыс істеу құқығын беру – міндетті болады. Осы кезеңде олардың жұмыспен қамтылуы мен табысы сақталады.
Ипотека сыйақысы бойынша салықтан шегерім қайтарылады. Тұтынушы несиесінің шекті құны әділ болып, қосымша комиссиялар азаяды, қарызды реттеудің түсінікті тетігі енгізіліп, қарыздан құтылу жеңілдейді.
Ауыл тұрғындарының 97 пайызы интернетке қол жеткізеді. Қашықтан білім алу, телемедицина, ауыл шаруашылығы өнімдерін цифрлық жолмен өткізу – кедергісіз болады.
Жергілікті жолдардың бәрі – 86 пайыздан 95 пайызға дейін нормаға сай болады.
Негізгі азық-түлік бағасы болжауға келетіндей болады – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады.
9 перинаталдық орталық желісінің құрылысы аяқталады. Әр ана мен әр бала қай өңірде тұрғанына қарамастан әлемдік стандарттар деңгейінде көмек алады.
Кәсіпкерлер үшін бизнес ашу рәсімдерін жеңілдету, әкімшілік қысымды азайту, офтейк-келісімшарттарды дамыту, франчайзингті қолдау, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және жоғары технологиялық өндірістерге инвестициялық ынталандыру шаралары ұсынылған.
Цифрландыру мен жасанды интеллектігебасымдық беру
Бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі – цифрлық мемлекет қалыптастыру.
Партия барлық елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтуды, ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуды, AI Hub пен деректерді өңдеу орталықтарының кластерін іске қосуды, CryptoCity жобасын жүзеге асыруды, цифрлық қызметтердің бірыңғай платформасын қалыптастыруды және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен экономиканың негізгі салаларына енгізуді ұсынады.
Сонымен қатар азаматтардың цифрлық құқығын қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігін күшейту, цифрлық алаяқтықпен күресу және балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мәселелері де бағдарламада көрініс тапқан.
Айта кетейік, «Әділет» партиясының республикалық штабынан бөлек 20 өңірде аймақтық және 226 аумақтық штаб жұмыс істейді. Ел бойынша 30 мың сенімді өкіл сайлау науқанына қатысады. Үгіт-насихат жұмыстары аясында түрлі бағытта 21 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.
«Партияның Сайлауалды бағдарламасын әр азаматқа, әр отбасына қарапайым әрі түсінікті тілмен, егжей-тегжейлі жеткізу керек. Азаматтармен ашық, шынайы диалог жүргізген жөн. Себебі, біз үшін әрбір отандасымыздың талап-тілегі, үні аса маңызды. Әр сайлаушының дауысы да аса маңызды», – деді партия төрағасы.
Партия сондай-ақ сайлауалды уәделердің орындалуын ашық бақылауға мүмкіндік беретін арнайы цифрлық мониторинг панелін іске қосуды жоспарлап отыр. Онда әрбір азамат бастамалардың орындалу барысын бақылап, олардың қандай кезеңде тұрғанын көре алады.
Партия өкілдерінің айтуынша, «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының түпкі мақсаты – Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты мемлекеттік шешімдерге айналдырып, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға негіз болатын ұзақмерзімді даму моделін қалыптастыру.