Үндеухат авторлары бірнеше жылдан бері Атырау облысы республикалық бюджеттің демеушісі болып келгенін тілге тиек етке.
"Біз отандастарымызға қажет уақытында көмек бере алғанымызбен мақтанамыз. Өкінішке орай, қазір Атырау облысының басына қара бұлт үйіріліп тұр.
Коронавирус жұқтырған науқастар күн санап артуда. Атырау облысы науқастар санының өсу қарқыны бойынша елде көш бастап тұр.
Күніне жүздеген адам аурухана төсегіне таңылуда. Ал стационарларда адамдар қырылып жатыр", – дейді олар.
Хат авторларының айтуынша әзір аймақты үрей, шарасыздық билеп тұр. Ауруханаларда мүлде орын жоқ. Ал жедел жәрдем шақырылған уақыттан 4-5 сағаттан кейін келеді.
"Барлық емханалар жабық. Облыстың 7 ауданында да жағдай ауыр. Әсіресе Қызылқоға, Мақат аудандарындағы жағдай қиын. Өлім көрсеткіші үлкен.
Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жоғарыда баяндалған жағдайды ескере отырып, бізге өзге елдерден келген (Ресей, Оңтүстік Корея және т.б.) дәрігерлерді жіберуіңізді сұраймыз. Атырау облысы коронавирус инфекциясымен күресуде тәжірибесі бар дәрігерлер көмегіне мұқтаж.
Өкінішке орай, жағдай өте ауыр. Кешіктіруге, кейінге қалдыруға мүлде болмайды!!!", – деген жанайқайын жеткізген үндеухат иелері Тоқаевтан осы мәселе құлақ тұрудан өтініпті.
Хатқа ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, этномузыкант, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайынов, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ринат Гайсин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, "Құрмет" орденінің кавалері Әділ Қойтанов, белгілі әнші Жанна Орынбасарова, қалалық мәслихат депутаты, заңгер Салтанат Рахимова, қоғам қайраткері Ерлан Күмісқалиев, ҚР Журналистер Одағы мүшесі, "Айқын" газетінің меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова қол қойған.