Әбілғазин

Әбілғазин
Данияр Әбілғазин Куршевельдегі санкцияға ілінген ресейлік олигархтарға тиесілі кешеннен пентхаус сатып алған

Данияр Әбілғазин Куршевельдегі санкцияға ілінген ресейлік олигархтарға тиесілі кешеннен пентхаус сатып алғаны туралы ақпарат пайда болды

off_shores арнасы мәліметінше, қазақстандық белгілі кәсіпкер, Тимур Құлыбаевтың жақын серіктесі Данияр Әбілғазин мен оның жұбайы Айдан Сүлейменованың Франциядағы әйгілі Куршевель шипажайында қымбат жылжымайтын мүлкі бары анықталған. Бұл туралы ресми құжаттар мен француз кадастрындағы деректер негізінде белгілі болды.

"Альпі тауының етегінде, элиталық шипажай Куршевельде орналасқан бес жатын бөлмесі, төрт жуынатын бөлмесі және кең қонақ бөлмесі бар сәнді пентхаус Әбілғазиндер отбасының иелігіне 2014 жылдың қарашасында өткен. Оған дейін бір ай бұрын Францияда Chalet Leon атты компания тіркелген", - деп жазылған арна дерегінде.

Мәліметке сүйенсек, қазір бұл пентхаустың нарықтағы бағасы - кемінде 10 миллион еуро (6 млрд теңге). Ал бастапқы сатып алу бағасы 7,5 миллион еуро болған.

"Әбілғазиндер бұл мүлікті өздері тұру үшін емес, инвестиция ретінде алып, бүгінде жалға беріп отыр. Бір апталық жалдау құны маусымға байланысты 25-60 мың еуро (15-35 миллион теңге) аралығында", - деп жазылған мәліметте.

Арна дерегінше, ең қызығы, бұл пентхаус ресейлік миллиардерлер - ағайынды Сергей және Николай Саркисовтарға тиесілі SNC Black Pearl компаниясының иелігіндегі кешенде орналасқан.

"Кешендегі екі ғимарат та Саркисовтар отбасының меншігі болып саналады. Мұны француз кадастрындағы ресми құжаттар да дәлелдейді.

Саркисовтар отбасы былтыр Украина мен Канада тарапынан санкция тізіміне енген. Санкцияның себебі – олардың Ресейдің Украинаға қарсы соғысына тура және жанама түрде қолдау көрсетуі. Ағайынды Саркисовтардың басты бизнесі – "РЕСО-Гарантия" сақтандыру компаниясы, бүгінде оның шамамен 17,5 млрд рубль активтері еуропалық депозитарийде бұғаттаулы", - деп жазылған деректе.

Мәлімет бойынша Данияр Әбілғазин мен Саркисовтар отбасының байланысы тек Куршевельмен шектелмейді. 2019 жылға дейін Саркисовтарға тиесілі "Нефтяная страховая компания" Қазақстан нарығында белсенді жұмыс істеді. Кейіннен бұл компания Әлжановтар отбасының қолына өткен.

"Ал Данияр Әбілғазиндер отбасының Франциядағы жылжымайтын мүлкі Куршевельдегі пентхауспен шектелмейді. Данияр Әбілғазиннің жұбайы Айдан Сүлейменова Париждің элиталы ауданы Артуа көшесі, 23 мекенжайында орналасқан ғимаратқа SCI Paris Apartment Alpha компаниясы арқылы иелік етеді. Айта кетейік, бұл мүлік Данияр Әбілғазин "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында жоғары лауазымда қызмет істеп жүрген кезінде сатып алынған.

Бұған дейін Айдан Сүлейменова Ресей азаматтығынан бас тартқан. Сарапшылардың айтуынша, оның бұл әрекеті еуропалық бақылаушы органдар тарапынан туындауы мүмкін сұрақтарды болдырмауға бағытталған стратегиялық қадам болуы мүмкін. Дегенмен бұл жолы Данияр Әбілғазин мен оның отбасының жылжымайтын мүлкі, халықаралық деңгейдегі санкцияға ұшыраған олигархтармен байланысы қоғам назарын аударып отыр", - деп жазылған мәліметте.