Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов дәрі-дәрмек нарығындағы негізгі мәселені атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың сөзінше, он жыл бұрын елде 12,5 мың дәрі болса, қазір олардың саны күрт азайған.
“Фармацевтикалық мафия жаңа препараттарды кіргізбейді, өйткені өздерінікін сатқысы келеді. Ресейде 18,5 мың дәрі болса, Қазақстанда небәрі 6,5 мың ғана. Сол себепті азаматтар сапалы дәріге қол жеткізе алмай отыр”, — деді Әбенов.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды сатып алу көлемі 7,2%-ға ұлғаятыны туралы жазған едік.
2026 жылдан бастап жалпы қажеттілік 567 млрд теңгеден асады.Осы қажеттілікті орындау үшін мемлекеттік сатып алу компаниясы «СК-Фармация» 2000-нан астам дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды сатып алады. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 7,2% артық.
Сонымен қатар сатып алу процесі халықаралық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады: БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және STOP TB. Халықаралық институттар арқылы сатып алынатын позициялар саны 23-тен 43-ке дейін, яғни 87%-ға өскен. Министрлік бұл механизмнің артықшылығы ретінде әлемдік нарықтағы бәсекелестік бағалар арқылы едәуір үнемдеу мүмкіндігін атап өтті. Үнемделген қаражат науқастарға қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Сатып алынған дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың қоймаларға жеткізілуі биылғы жылдың желтоқсан айында, ал медициналық ұйымдарға жеткізілуі 2026 жылдың қаңтарынан басталатын болады.
