Онлайн-шара университет басшылығы мен «EVROCERT» еуропалық компания өкілдерінің бейресми пікіралмасуынан басталды. Пікіралмасу барысында ISO 370001: 2016 халықаралық стандарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджментін енгізу үдерісі бойынша атқарылған шаралар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Ресми бөлімді университет ректоры Такир Балықбаев ашып, онлайн шара қатысушыларына қонақтарды таныстырып өтті. Ресми басқосудың қонақтары: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттаужүйесiнің сарапшы-аудиторы, «EVROCERT» еуропалық компаниясының жетекші аудиторы Владимир Соловьев, «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушев, «Агенство внедрения ИСО» ЖШС директоры, бас кеңесші Бандуро Анатолий, сарапшы-аудитор Илимлар Зубанов болды.
«Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Токушев жастардың бойында парасаттылық пен ізгілік қасиеттерін дамыту, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп жасалып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берді.
Сөз кезегіналған жетекші аудитор Владимир Соловьев ISO 370001: 2016 халықаралық стандарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджментін енгізу бойынша университетімізде жасалған ауқымды жұмыстарға тоқталып, сөз соңында университет ректоры Такир Балықбаев мырзаға «EVROCERT» сертификаттау және бақылау компаниясының сертификатын ресми табыстады. Бұл сертификатты университетіміз елімізде алғашқы болып иеленді.
Бас кеңесші Бандуро Анатолий «Агенство внедрения ИСО» консалтингтік компаниясының оқыту бағдарламасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сапа менеджменті жүйесінің ішкі аудиторы біліктілігі туралы сертификатын университет ректоры Такир Балықбаевқа, тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаевқа және «Парасат» орталығының директоры Қамбар Усиповке табыстады.
Шара соңында университет ректоры сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында еңбек етіп, адалдық пен парасаттылықты дамытуға үлес қосып келе жатқан шара қонақтарына алғыс хатын табыстады. Алдағы уақытта таза қоғамды қалыптастыру бағытында ынтымақтастықта жұмыс жасайтындығына үлкен сенім білдірді.
Айта кететін жайт, ИСО 37001-2016 жылғы халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджментінің жүйесін (СЖҚМЖ) әзірлеу және енгізу барысында университет қабырғасында ауқымды істер атқарылды. Атап айтқанда, құрылымдық бөлімшелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сарапталып, СЖҚМЖ құжаттарының саны мен құрамы және олардың қолданыстағы жүйеге кірігуі анықталды, Қазақстан Республикасының заңанамалық нормалары ескеріле отырылып, ISO 37001 құжаттар процедурасы әзірленді, ішкі аудиторлар даярлықтан өтті.