Абай облысының әкімі Берік Уәли Үржар ауданының тұрғындарымен кездесті

Ақтоты Жапатова 28 там. 2025 21:49

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы тұрғындарға есеп берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жиында алдымен Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Ауыл шаруашылығы, инвестиция, жылу және ауыз су жүйелері, жол, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларын қамтыған негізгі бағыттарға тоқталды. Үржар ауданы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша облыста екінші орында. Биыл ауданда 113 мың гектар егістік жер игерілді. Шаруаларды қолдау мақсатында «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы облыста 9,5 млрд теңге несие берілсе, соның 1,9 млрд теңгесі Үржар ауданының аграрларына бағытталды. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар картасы аясында Үржарда 7,8 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылуда.

Ауыз сумен қамту бойынша биыл облыста 33 жоба іске асырылуда. Үржар ауданында 5 ауылға ауыз су тартылып жатыр. Егінсу мен Барқытбел ауылдарындағы ұзаққа созылған жобаларды қайта іске қосу үшін қосымша қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін Үржар, Алтыншоқы, Науалы және Некрасовка ауылдарының көшелері жарықтандырылмақ.

Облыста биыл 358 шақырым жол жөнделіп жатыр. Үржар ауданында Жоғарғы Егінсу, Жанай, Ақжар, Жаңа Тілек, Қарақол ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жасалды. Биыл облыс бойынша 1146 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған. Соның ішінде Үржар ауданында 114 пәтер тұрғындарға беріледі.

Үржар ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша мен Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ауданның 11 мектебі мен Бестерек ауылындағы «Тарбағатай» лагері ағымдағы жөндеуден өтті. 7 мектепке пәндік кабинеттер, ал Бауыржан Момышұлы мектебіне 425 жаңа парта мен асхана жабдықтары сатып алынды. Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық клуб салынса, Үржар ауылында Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Үржар аудандық ауруханасына жаңа медициналық жабдықтар алынады. Жыл соңына дейін ауданда күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өтуде.

Кездесу соңында тұрғындар облыс әкіміне сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Үржар ауылына Мәдениет үйі, спорт кешені, балабақша, медицина қызметкерлеріне жатақхана салу, тест тапсыратын орталық ашу, ауыз су, жол жөндеу секілді мәселелерді көтерді.

«Үржар ауданына осымен төртінші мәрте келіп отырмын. Үржар – шежірелі тарихы мен еңбекқор халқы бар қасиетті мекен. Мұндағы мәселелермен жақсы таныспын. Әрине, ауданда атқарылатын жұмыс көп. Шешімін күткен мәселелер рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешіледі», – деді облыс әкімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар