Абай облысында мектеп, аурухана және жол құрылысы қарқынды жүруде

Dalanews 23 қар. 2023 07:12 1218

Абай облысында мектепте орын тапшылығын азайту үшін «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 5700 орындық 11 мектеп салынбақшы. Жобаны 2023 жылы жүзеге асыруға ҚР Ұлттық қорынан 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл туралы Астана қаласындағы Орталық Коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі таңда Семей қаласының әртүрлі ауданында мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айталық, Қарағайлы шағын ауданында 1200 орынды, Водный кентінде 600 орынды, Ақсуат ауылында 300 орынды, Бесқарағай ауылында 300 орынды, ал Аягөз қаласының «Ет комбинаты» шағын ауданында 600 орынды мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау Қорының қаражаты есебінен 6 шағын мектеп, және жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынады деп күтілуде.

Бұдан басқа балаларды қосымша біліммен жан-жақты қамту мақсатында көпбейінді Оқушылар сарайын салуды жоспарланған. Бүгінде құрылыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жобаның жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрайды.

Президент тапсырмасына сәйкес Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыс жоғары оқу орындарына қосымша 500 арнаулы білім гранты бөлінеді.



Сонымен қатар, 2025 жылға қарай Абай облысында 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған. Нысандар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жүзеге асады.


Өңірді дамытудың кешенді жоспарына Семей қаласындағы құны 100,4 млрд теңге болатын бес медициналық мекеме енгізілген. Оның ішінде 400 орындық көпсалалы аурухана, 300 орындық көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, Семей қаласының оң және сол жағалауындағы емханалар бар.

Айта кетсек, 2023 жылы Абай облысында 235 шақырым жергілікті маңызы бар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 9,9 млрд теңге бөлінген. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін жолдардың 90% стандартты жағдайға жетіп, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 97% жеткізу жоспарланған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар