Абай облысында газ арман ба, әлде жоба ма? Депутаттар сөз қозғады

Сағыныш Сардарова 12 ақп. 2026 10:49

Абай облысын газдандыру мәселесі Мәжілісте қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында газбен жабдықтауға қатысты заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Депутат Нұртай Сабильянов Энергетика министрлігіне Абай облысындағы елді мекендерді газдандыру туралы сұрақ қойды. Оның айтуынша, бұл мәселе халықпен кездесулерде жиі көтеріледі.

"Абай облысын алып қарайтын болсақ, бір де бір елдімекен газбен қамтамасыз етілмеген. Алты айдан аса уақыт қыс болады, халық үйін жылыту үшін көмір қолданады, яғни қорадан шелекке салады, пешке жағады, қайта күлін шығарады. Өте қиын халыққа. Жиі көтереді бұл мәселені және де көмірдің бағасы бір тоннасы қазір 30-34 мың болып кетті. Өткен жолы Бақты ауылына барған кезде, халықпен кездескен кезде көмірдің бағасы 34 мың теңге болғанын жеткізді. Шекара маңындағы ауыл. Әрине, ауылда халыққа қиын болғандықтан да көше бастайды. Абай облысының көрші облысы бар, Жетісу облысы. Үшаралға дейін газ тартылып жатыр. Аржағында Абай облысы жүз-ақ шақырым жер. Неге Үшаралдан Абай облысына әрі қарай тартпасқа?! Қазақстан - біртұтас мемлекет, өңірлерге, халыққа бірдей жағдай жасалуы керек", - деді ол.

Айта кетейік, былтыр республика бойынша 95 елді мекенге газ тартылып, 350 мың адам игілігін көрген. Осылайша табиғи газ тарту жұмыстарының деңгейі 64 пайызға жетті. Десе де Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында әлі де мәселе ушығып тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove