"Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов жемқорлық схемаларын ашып, миллиардтаған бюджет ақшасы қайда кетіп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшы кейінгі уақытта дау болып жатқан ҚТЖ жұмысына қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, экс-премьер Смайылов өз жұмысына "жұмсақ" баға берді.
"Әлихан мырза өз жұмысын тексерді, өз жұмысын сынады. Жалпы халықаралық аудиторлық стандарттарына сай ол дұрыс емес. Есебі жұмсағырақ болды деп айтуға болады. (95 млрд теңге бөлінгені - еск.) ол бір ғана бағдарлама. Жанармайды үнемдейтін үлкен жобаны бастады, соңында (қаржысы - еск.) 95 млрдқа дейін жетті. Қолымызға ҚТЖ-ның ішкі аудит құжаттары түсті. Құжаттардың нәтижесінде жұмсалған 95 млрд. теңге тиімсіз. Жанармай үнемделген жоқ. 95 млрд. теңге қайда кеткені белгісіз. ҚТЖ-ның ішкі аудит қызметінің қорытындылары жарияланса, таңғаламыз. Өйткені ол жабық ақпарат. Ешкімге бермейді, ішінде қалады", - деді РҚБ атқарушы директоры.
Сонымен қатар, Смағұловтың айтуынша, 2016 жылы Алматыда 4,7 млрд. теңгеге кәріз құдығы салынуы үшін ақша бөлінген. Алайда бұл жоба құжат күйінде қалған.
"Құжат бойынша "салынды". Құжат бойынша бар. Кәріз жүйесі тұрған орынға бардым. Бірақ ол әлі қосылмаған. Жүз пайыз айта аламын, аяғына дейін жұмыс біткен жоқ. Мамыр айында болдым, ішіне түстім, ішінде жұмыстар әлі біткен жоқ. Бұл мәселені зерттедік. 2016 жылы 4,7 млрд. теңге төленді. "Алматы су" деген мекеме бар, әкімшілік "кәріз жүйесін алыңдар" деген тапсырма берді. 2021 жылы "Алматы су" "қабылдамаймыз" деді. Өйткені қаншама кемшілік бар?! Үш жыл өтті, кәріз жүйесін әлі ешкім қабылдаған жоқ, сол қалпында тұр. Акт бойынша қабылданған. Антикор "қылмыстық іс тоқтатылды, ешқандай залал жоқ" деді. 4,7 млрд. қайда, кәріз жүйесі қашан болатынын ешкім білмейді. Кәріз жүйесін Алматының қасындағы ауылдар күтіп отыр. Халық қаншама ақша кеткенін көріп отыр ғой", - деді Смағұлов Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
Сарапшы жемқорлық деректеріне қатысты сұмдық жайттарды жария етті. Тіпті ол Қазақстанда ең қымбат дәретханаға 30 млн. теңге жұмсалғанын айтты.
"8 млн. теңге тұратын дәретхана рекорд емес екен. Ең қымбат дәретхана Абай облысында екен. 30 млн. теңгеден көп ақша бөлінді, игерілді. Әріптестерім де барып қарады. Шок болды. Қазақстанда даладағы ең қымбат дәретхана Абай облысында екен. Үйдің бағасынан көп. Қазір арыздарды жаздық, нәтижесін күтіп жатырмыз. (Бұған қаржы - еск.) облыстық бюджеттен бөлінген", - деді ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
Смағұловтың айтуынша, Абай облысына тексеріс жүргізілген. Тексерісте Семей қаласын жарықтандыруға 2017-2023 жылдары 3,6 млрд. теңге, 2023 жылы 1,2 млрд. теңге бөлінгені анықталған.
"2027-2023 жылдағы қаражат - қарызға алған қаражат. "Жобаны іске асырамыз, Өскемен мен Семейде түн күндей жарық болады, жарық жүйесі керемет болады" деп ақша шығарды. Жақында Абзал Құспан мырза айтқан. Бұл мәселеде Даниал Ахметовтің тікелей қатысы бар. Бірақ біздің ең таңғалғанымыз, 2023 жылы қайтадан сол жұмыстарға бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінеді. Бірақ Семей мен Өскеменде айына жарық он бес рет сөнеді", - дейді ол.