Семей қалалық соты Абай облысының 31 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, ер адам төрт ай бойы әйелді жүйелі түрде аңдып, мазасын алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жәбірленуші онымен араласқысы келмейтінін бірнеше мәрте ашық айтқанына қарамастан, айыпталушы оның үйіне және жұмыс орнына қайта-қайта барып жүрген. Сондай-ақ хабарламалар жазып, қоңырау шалып, тіпті туыстары арқылы да ықпал етуге тырысқан.
Мессенджерлерде бұғаттау және телефон нөмірін ауыстыру да нәтиже бермеген ер адам танысына психологиялық қысым көрсетудің түрлі жолын тапқан.
Абай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, аңду деректері тіркелгеннен кейін қылмыстық іс бір тәулік ішінде сотқа жолданған. Сот талқылауы барысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар оның мінез-құлқына 10 ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді.
