Абай облысында 76 жастағы зейнеткер дәрігер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетіне қарсы сотта жеңіп шықты. Сот оның зейнетақысын қайта есептеу жөнінде оң шешім қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот құжаттарына сәйкес, әжей зейнетке шығарда барлық еңбек өтілін қоса есептетіп, тиісті құжаттарын тапсырған. Алайда уәкілетті орган оның 1993 жылдың тамызынан 1994 жылдың шілдесіне дейінгі табысын небәрі 56,76 теңге деп көрсеткен.
Зейнеткер бұл дерекке келіспей, сол уақытта тек қалалық ауруханада емес, сонымен қатар жеке фирмада қосымша жұмыс істегенін дәлелдеді. Сол мекемеде оның айлық табысы мың теңге болған.
Сот шешімінде көрсетілгендей, дау 2003 жылы зейнетақыны қайта есептеу кезінде туындаған. Ол кезде Үкіметтің №564 қаулысына сәйкес табысты есептеудің екі түрлі нұсқасы болған, бірақ уәкілетті орган зейнеткер үшін ең тиімсіз нұсқаны таңдап, оның зейнетақысын азайтып жіберген.
"1994 жылы алғаш рет зейнетақы тағайындалғанда қосымша табыс ескерілмеген. Бұл зейнетақы көлемінің әділетсіз төмендеуіне себеп болған. Сот зейнеткердің пайдасына шешім шығарып, оның нақты табысы мың теңге негізінде қайта есептеуге бұйрық берді", — делінген сот хабарламасында.