Абай облысында 12 жылу қазандығы жөнделеді

Ақтоты Жапатова 16 мау. 2025 17:06

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025-2026 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысы қаралды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.

Жиында алдағы жылу маусымына дайындық және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев, Аягөз ауданының әкімі Данияр Шәкәрімов, Жарма ауданының әкімі Нұрлан Борсықбаев баяндады.

Биылғы 27 мамырда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту мәселесі талқыланып, 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарын өзектендіруді тапсырған болатын. Бұл тапсырма Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Семей қаласы, Аягөз және Жарма аудандарында тиісті деңгейде орындалмаған. Аймақ басшысы облыс әкімінің аппаратына тапсырманы толық орындамаған басқарма басшысының сол кездегі міндетін атқарушы мен аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Облыста орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін 46 жылу қазандығы бар. Биыл барлық қаржы көздерінен бөлінген 6,6 млрд теңгеге 12 жылу қазандығын жөндеу, 11,2 шақырым жылу желісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазір Семейде алты участокта магистральдық, ішкі кварталдық жылу желілері ауыстырылып жатыр.

Аягөз қаласында 7 жылу көзіне біріктірілген 29 қазандық жұмыс істейді. Аудан орталығы тұрғындарының 60 пайыздан астамын жылумен қамтамасыз ететін «Орталық» қазандығына күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба дайындалған. Оған сәйкес қазандықтың қуаттылығын 13,2 Гкал-дан 30 Гкал-ға дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ Аягөздегі 10,4 шақырым жылу желілерін жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленген.

Жарма ауданы Шуақ ауылындағы орталықтандырылған жылу жүйесінде 3 қазандық бар. Қазіргі таңда 2-інші қазандықты жөндеу қажеттігі туындап отыр. Ауылда 5,2 шақырым жылу желісі бар. Оның пайызы 68 пайызы тозған. Биыл 3 шақырым желіні күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Өңірдің көмірге қажеттілігі 1,2 млн тоннаны құрайды. Облыс бойынша 16 көмір сату орны және 32 көмір операторы жұмыс істейді.

Кеңесте аймақ басшысы жылу қазандықтары мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірмеуді, аудан, қала әкімдеріне жаңа жылыту маусымына жоспарланған жөндеу жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Аягөз және Жарма аудандарының әкімдеріне Аягөз қаласы мен Шуақ кентіндегі қазандықтардың жағдайын, жүргізілген жұмыстардың сапалы болуын үнемі бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергенов пен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқановқа тапсырмалардың уақтылы және сапалы атқарылуын қатаң қадағалауға алуды жүктеді.

«Жылыту маусымына 100 пайыз дайын болу аса маңызды және бұл жұмыстарға аудан, қала әкімдері тікелей жауапты екенін ескертемін. Жылу мәселесін Үкімет басшысы тікелей қадағалап отыр. «Қыстың қамын жаз ойла» дейді. Алдағы үш айда жұмыстың барлығын толық атқарып, бөлінген қаржыны игеріп, жұмысты сапалы орындауымыз керек»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарына атқарылып жатқан жұмыстар туралы апта сайын баяндап отыруды, облыс әкімінің аппаратына жылыту маусымына дайындық барысы бойынша айына бір рет жиналыс өткізуді жұмыс кестесіне енгізуді тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар