Абай мұрасы – адамзаттың баға жетпес қазынасы

Dalanews 01 мау. 2021 05:18 236

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп  кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлы айтып кеткендей, кітап оқу балаларға өздерін және қоршаған ортаны тануға, жақсы мен жаманды ажыратуға мүмкіндік береді.

«2020 жыл Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланды. Қазіргі таңда балаларды теледидар мен компьютер, ұялы телефон алдындағы уақытын шектеу өзекті мәселе. Сондықтан кітап оқуды жандандырып, оқуға тарту арқылы жас жеткіншекті қазақ әдебиетінен алыстатып алмаудың амалын  табуымыз қажет. Осыған орай, Ақтөбе қаласындағы С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы балалар мен жасөспірімдер арасында бірнеше шаралар өткізіп келеді. Бүгінде жас ұрпақты кітап оқуға баулуды  әр  түрлі іс-шаралар өткізу арқылы баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға болады. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері аянбай еңбек етіп, өз үлестерін барынша қосуда. Үстіміздегі жылдың 28, 29 мамыр күндері кешкі сағат 19.00-21.30 аралығында «Әдебиет аялдамасы» жобасымен «Абай гүлзары» саябағына шығып, Абай оқуларын өткізді. Шараны тамашалауға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнусова келді. Аталмыш шара барысында жастар ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқыды. Өлең оқыған жасөспірімдер арасында Республикалық байқаулардың жүлдегері Ақтөбе қаласындағы №57 Жалпы білім беретін орта мектептің оқушысы Құмар Саясат, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті республикалық Абай оқуларының бас жүлде иегері, ұлы ақынның жүзге жуық өлеңдерін жатқа білетін  Серікова Аңсаған, сондай-ақ М.Дулатұлы атындағы №63 Жалпы білім беретін орта мектеп лицейінің оқушысы Ахметжанқызы Ақжан Абай өлеңдерін оқып, көпшілікті тамсандырды. Шара барысында жастар арасынан Латипбаева Гүлсана, Нұрабекова Альбина, Мәлік Гүлнара тағы да басқа жастар өз өнерлерін ортаға салды.  «Абай мұрасы - адамзаттың баға жетпес қазынасы» атты кітап көрмесі және  балаларға арналған кітаптардан буккросинг ұйымдастырылды. Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығынан викториналық ойындар өткізілді. Қала тұрғындарына кітапхананың жарнамалық парақшалары таратылды.  Шараға қатысушы жастар алғыс хатпен марапатталды. «Әдебиет аялдамасы» жобасы аясында  өткізілетін шаралар аптаның жұма, сенбі күндері кешкі уақытта қыркүйек айына дейін жалғасын табады.

"Танымның бар тамашасы кітапта, оларға қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа" деген екен данышпан ақын Абай Құнанбайұлы. Сондықтан кітаптың адам өмірінде маңызы зор. Әсіресе балаларды әр түрлі кітап түрлерімен таныстырып, кітапқа деген қызығушылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Бұл іске білім беру мекемелерімен қатар, мәдениеттің ордасы кітапхананың, яғни кітапханашылардың да еңбегі зор және міндетіміз деп  білеміз. Өйткені ұлт тәрбиесінің қайнар көзі кітапханада.

 

Алтынгүл Ермекбаева, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x