Қала әкімі Алтай Көлгінов бірінші кезекте қолжетімді баспана пәтер алуға кезекте тұрған азаматтарға берілетінін айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемі 3 есеге артады. Қолжетімді тұрғын үй бірінші кезекте ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, мүгедек азаматтарға, толық емес, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және халықтың басқа да әлеуметтік топтарына беріледі. Оның ішінде медициналық ұйымдардың қызметкерлері, мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлер бар.
Осы орайда тұрғын үй құрылыс жинақ банкі маңызды функцияны атқарады. Мәселен, өткен жылы тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 10,5 мыңнан астам салымшысы өз пәтерлеріне ие болды, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова атап өткендей, банк жүйесіне сәйкес клиенттер 3,5% - дан 5% - ға дейінгі мөлшері бойынша тұрғын үй сатып алуға несие алуға мүмкіндіктері бар. Нұр-Сұлтанда банктің 215 мың салымшысы бар.