95 көлік жол апатына түсті: ІІМ алты қылмыстық іс қозғады

Көркем Алдабергенова 04 ақп. 2025 12:07 412

Астана-Щучинск тасжолында 95 көлік пен 20 адам зардап шеккен ірі жол апатына қатысты Ішкі істер министрлігі 6 қылмыстық және 37 әкімшілік іс қозғалғанын, сондай-ақ негізгі тергеу қандай бап бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп. 

Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 353-бабының 1-бөлігі "Қолданыстағы көлік қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

"Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі бойынша "Жол қозғалысы ережелерін жол қозғалысына қатысушылардың бұзуы салдарынан абайсызда орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру" бойынша 6 іс қозғалды. Әкімшілік заңнама аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша "Көлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, бұл адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарына немесе басқа мүлікке зақым келтіруге әкеп соққан жағдайлар" бойынша 37 әкімшілік іс қозғалды", - деп хабарлады ІІМ.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта жоғарыда аталған қылмыстық істер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешімдер қабылданады.

Құқықбұзушылыққа жол берген тұлғаларды және олардың тұрғылықты жері жайлы сұраққа департамент жауап берген жоқ. Ішкі істер министрлігі де Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабын негізге алып, оқиғаға кінәлі күдіктілердің ұсталған-ұсталмағаны туралы түсінік беруден бас тартты.

Еске салайық, жаппай жол апаты 3 қаңтарда болған еді. 

Сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар "Астана-Петропавл" автожолының (18-232 шақырым) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникамен ұйымдастырылды.

Жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" мамандары жұмыс істеді. Бір жолақ тазартылып, жарамды көліктер қозғалысын жалғастырған еді. Оқиға орнында 22 біріккен жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар