Алматыда 9 мамырда "Мәңгілік полктің" қазақстандық баламасы - "Батырларға тағзым мәңгі жадымызда" атты акция өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі төрағасы Мұрат Әбдішүкіровтің айтуынша, шараға қала әкімдігі келіскен. Акция өтетін жерде - Орталық мәдениет және демалыс саябағы аумағында қатысушыларға "Жеңіс лентасы" мен Қазақстанның мемлекеттік Туы таратылады.
Колонна шеруді Орталық саябақтан бастап, Гоголь көшесімен жүріп өтіп, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында орналасқан Мәңгілік алау жанында аяқтайды. Қатысушыларды жинау таңғы сағат 09:00-10:00 аралығына жоспарланған.
Десе де қоғамда бұл акцияға қатысты қарсы пікірлер айтылып жатыр. Соның ішінде әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталды. Кейбір желі қолданушылары мұндай акцияларға қарсы екенін ашық айтып, оны Ресейдің саяси нарративімен байланыстырды. Threads желісіндегі қолданушылардың бірі бұл шерудің соғыс құрбандарын еске алудан гөрі саяси сипатқа ие екенін де жазды. Оның пікірінше, қазіргі қоғам соғыстың зардабынан сабақ алып, технология мен қауіпсіздік саласын дамытуға назар аударуы керек. Осылайша бұл акция қоғам тарапынан сынға да ұшырап жатыр.
Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстан қалаларында әскери парад өткізу жоспарланбаған.