72 апаттан кейін Степногорскінің ескі жылу магистралі толық жаңартылады

72 апаттан кейін Степногорскінің ескі жылу магистралі толық жаңартылады
modernization.kz

Степногорск қаласында ондаған жыл бойы жөнделмеген негізгі жылу магистралі жаңғыртудан өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өткен жылыту маусымында ғана қаладағы басты жылу магистралінде 72 апат тіркелген. Қалаға жылу жеткізетін бұл құбырлар 1973 жылы пайдалануға берілген. Осы уақытқа дейін мұнда толық жаңарту жүргізілмей, тек апат болған учаскелерді уақытша қалпына келтірумен шектеліп келген. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «ЖЭО-Қала» жылу желісінің тозу деңгейі 70,3%-ға жеткен.

Енді «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында магистраль толық қайта құрылады. Ақмола облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің мәліметінше, жоба 2026-2027 жылдары іске асырылады. Қазір құбыр жеткізуге келісімшарттар рәсімделіп, мердігер ұйымдармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақын күндері ескі желілерді демонтаждау басталады.

«Жұмыстарды жүргізу кезінде отандық өндірушілердің материалдары қолданылады. Бұл алдын ала оқшауланған болат құбырлар, бұрылыстар, тіректер, тармақтар, арматура мен металл бұйымдары, темірбетон өнімдері және тағы басқа материалдар. Жалпы 36 түрлі өнім пайдаланылады», – деді «РемЭнергоМаш» ЖШС директоры Андрей Тишков.

Ал «Степногорск Теплотранзит» ЖШС директоры Егор Лысенко жұмыстардың белгіленген кесте бойынша жүріп жатқанын айтты.

«Жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр және биыл 1 қыркүйекке дейін орындалады», – деді ол.

Жобаның бірінші кезеңінде 4,823 шақырым жылу магистралі ауыстырылады. Екінші кезеңде тағы 4,673 шақырым желі жаңартылады. Жалпы инвестиция көлемі 5,8 млрд теңгені құрайды. Жоба «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» тарапынан пайыздық мөлшерлемені ішінара субсидиялау арқылы қаржыландырылады.

Жоба аяқталғаннан кейін 20 431 абонент сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 288 көпқабатты тұрғын үй, 14 жеке үй және 154 түрлі нысан бар.

Сонымен қатар 25 уақытша және 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жаңғырту нәтижесінде «ЖЭО-Қала» негізгі құбырының тозу деңгейі 20,8%-ға төмендейді деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында республика бойынша коммуналдық инфрақұрылым тозуын 40%-ға дейін төмендетіп, апат қаупін 20%-ға қысқарту жоспарланған.