71 жылдан кейін аптап ыстықтың рекорды жаңарды

71 жылдан кейін аптап ыстықтың рекорды жаңарды
Фото: magnific.com

Биылғы маусым айы Қазақстанда соңғы жылдардағы ең ыстық кезеңдердің бірі ретінде тіркелді. Елдің бірнеше өңірінде көпжылдық температуралық көрсеткіштер жаңарды. Олардың ішінде Павлодарда 71 жыл бойы сақталған рекорд та бар, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Қазгидрометтің" мәліметінше, биылғы маусымда еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–5 градусқа жоғары болды. Күндіз көптеген өңірде сынап бағаны +30…+38 градусқа, ал оңтүстік аймақтарда кей жерлерде +43 градусқа дейін көтерілді. Мамандар мұны құрғақ тропикалық ауа массаларының әсерімен түсіндірді.

1 маусымда Павлодарда ауа температурасы +36,8 градусқа жетіп, 1955 жылы тіркелген +36,1 градустық көрсеткіштен асты. Осылайша қалада 71 жылдан бері сақталып келген температуралық рекорд жаңарды.

Бұдан бөлек, Алматыда да 1967 жылғы, ал Астанада 2023 жылғы ең жоғары температуралық көрсеткіштер жаңартылды. Ай соңында Семей мен Өскеменде де бұрынғы рекордтар тіркелген температурадан жоғары мән көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай аптап ыстыққа Қазақстан аумағына енген құрғақ әрі ыстық тропикалық ауа массалары себеп болған. Сонымен қатар маусым айында еліміздің бірқатар өңірінде нөсер жауын жауып, кей жерлерде тәуліктік жауын-шашын мөлшері айлық нормадан бірнеше есе асып кеткен.