Қазақстанда 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер үшін міндетті медициналық тексеруге қатысты жаңа тәртіп күшіне енеді. Енді егде жастағы азаматтар белгіленген мерзімде медициналық комиссиядан өтпесе, жүргізуші куәлігінің күші ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде уақытша тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, медициналық тексерудің өзі жаңа талап емес. Бұл норма 2014 жылдан бері қолданыста болғанымен, өзгеріс мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасу тәртібіне ғана қатысты.
"Егер адам міндетті медициналық тексеруден уақытында өтпесе, жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде уақытша тоқтатылуы мүмкін. Яғни жаңашылдық – тек осы рәсімнің енгізілуінде", – деген еді бұған дейін ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Қандай дәрігерлердің тексеруінен өту керек?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүргізушілер медициналық комиссия барысында:
- жалпы практика дәрігерінің (немесе терапевтің);
- психиатрдың;
- офтальмологтың;
- оториноларингологтың (ЛОР дәрігері) қабылдауынан өтеді.
Сонымен қатар психоактивті заттардың бар-жоғын анықтайтын зертханалық тексеру жүргізіледі.
"Егер азамат психикалық денсаулық ұйымында есепте тұрса немесе тексеру нәтижелері күмән тудырса, көлік басқаруға рұқсат беру мәселесін дәрігерлік-консультациялық комиссия қарайды", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Қажет болған жағдайда жүргізуші қосымша тексерулерге немесе бейінді мамандардың кеңесіне жіберілуі мүмкін.
Қандай жағдайда анықтама берілмейді?
Министрлік мәліметінше, медициналық анықтаманы беруден мынадай жағдайларда бас тартылуы мүмкін:
- құжаттардағы мәліметтердің жалған болуы;
- қажетті құжаттардың толық ұсынылмауы;
- медициналық тексеруден теріс қорытынды шығуы.
Егер жүргізуші комиссия шешімімен келіспесе, медициналық ұйым басшысының атына шағым түсіре алады. Өтініш бес жұмыс күні ішінде қаралады.
Медициналық тексеру қанша тұрады?
№073/у нысанындағы анықтаманы алу үшін жүргізілетін медициналық тексеру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне де, МӘМС пакетіне де кірмейді. Сондықтан қызмет ақылы негізде көрсетіледі.
Бірыңғай тариф жоқ – құнын әр медициналық ұйым өз бетінше белгілейді. Мәселен, Алматы тұрғыны Владимир З.-ның айтуынша, ол медициналық комиссиядан өту үшін 6 мың теңге төлеген.
"Жаңалықты ести салысымен медициналық орталыққа барып, комиссиядан өттім. Кейін адам көбейіп кетеді деп күткім келмеді. ЛОР, окулист және терапевтің қабылдауынан өттім. Ал психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрмайтыным туралы анықтаманы eGov арқылы алдым", - дейді жүргізуші.
Медициналық тексеруді қашан өту қажет?
ІІМ түсіндіруінше, 65 жасқа толған азаматтардың бәрі бірден медициналық комиссияға баруға міндетті емес. Алғашқы міндетті тексеруден 67 жасқа дейін, одан кейін әр екі жыл сайын (69, 71, 73 жас және әрі қарай) өтіп тұру қажет.
Неліктен бақылау күшейтілді?
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 65 жастан кейін көру мен естудің әлсіреуі, реакцияның баяулауы, буындардың қимылының шектелуі, созылмалы аурулардың асқынуы және кейбір дәрі-дәрмектердің жанама әсері көлік жүргізу қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін.
Сонымен бірге мамандар жастың өзі көлік басқаруға тыйым салатын фактор емес екенін атап өтті.
"Созылмалы аурулары бақылауда болса, көру қабілеті, реакциясы мен когнитивтік функциялары сақталған адамдар 65 жастан кейін де автокөлікті қауіпсіз басқара алады", - деп мәлімдеді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы.