Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров зорлады деп мәлімдеме жасаған Әнару Қалдыбекқызы спортшымен қалай таныс екенін және істің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Әнарудың айтуынша, ол Жанқош Тұраровпен 2018 жылы әлеуметтік желі арқылы танысқан.
«2018 жылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы маған өзі бірінші хат жазды. Менің суреттерімен лүпіл басып, үнемі хат жазып жүрді. Мен ол кезде оның үйленгенін, бала-шағасы бар екенін білген жоқпын, боксшы екенін де білген жоқпын. Әлеуметтік желіде отбасы туралы ешбір ақпарат жазбаған. Бойдақпын деп статус қойған. Содан кейін жай ғана сөйлесіп жүрдім. 2018 жылдың ақпан айында мені кездесуге шақырды. Ондай жерге жалғыз бармайтын болған соң құрбымды ертіп алдым. Группалас құрбым екеуміз кездесуге бардық, ал оның жанында көп адам болды. Содан бастап бір ай бойы маған хат жазып жүрді. Маған «сен пәк қызсың, сен таза қызсың, маған қатты ұнайсың» дейтін. Бірақ, ол кезде мен оның отбасылы адам екенін біліп, «сіз үйленген адам екенсіз, мен сізбен араласа алмаймын» дедім. «Жоқ, мен үйленген болсам да сен маған ұнайсың, мен саған ағалық қамқорлық танытқым келеді, жамандық ойламаймын» деді. Осылай күнде хат жазатын. Арада бір ай өткенде маған «әкемнің анасы, әжем қатты ауырып жатыр. Хәл үстінде. Сені көрсеткім келеді, келші» деп бір мекен-жай жіберді. Мен бірден бара алмаймын дедім. Бірақ, соның алдында, бір жарым жыл бұрын мен анамнан айырылған адам ретінде оның әжесі ауырып қалғанына қатты жаным ашыды. Сондықтан, ол мені апасының хәлін сұрауға көндірді», - дейді Әнару Қалдыбекқызы.
Әнарудың айтуынша, Жанқош Тұраров оған «апам осы жерде» деп бір мекен-жай жіберген. Барғанда оның қонақ үй екенін көрген.
«Ол маған қонақ үйдің мекен жайын жіберіпті. «Қазыбек» деген қонақ үйдің 4 қабаты, 404 нөмірін алыпты. Мен ол кезде студент едім, жас едім, мен қонақ үйдің не екенін білмейтінмін. Кірсем, өзі ғана отыр екен нөмірде. «Апаңыз қайда?» деп едім, «қазір келеді» деді. Сосын маған сырттан келдің ғой, шөлдеген шығарсың, су іш» деп бөтелкедегі судан құйып берді. Ішкеннен кейін басым айналып, есімнен танғандай болып, жүре алмай қалдым. Аяқтарым қозғалмай қалды. «Жүр, жүр» деп төсек жаққа қарай апарып, төсекке жатқызды. «Басың айналып кетті, жата тұр» деді. Есімді жартылай білемін, жартылай білмеймін. Санам анық емес, сол уақытта мені ақырындап жатқызып, киімдерімнің бәрін шешті. Үстімде көйлегім болған, көйлегімді шешті. Аяғымнан, табанымнан, аяғымның башпайларын сүйе бастады. Мен қозғала алмай жаттым. Оянғанда ештеме түсінбедім. Есімді жисам, сағат түнгі 3-4 болыпты», - дейді ол.
Яғни, Әнарудың айтуынша, Жанқош Тұраров оның пәктігін алып, алғаш рет оны сол қонақ үйде еркінен тыс жыныстық қатынасқа тартқан.
«Сол түні ол бірінші рет «ісін» істеді. Одан кейін ол душқа кіріп кетті, телефонына «Ботақан» деген бір байланыс нөмірі қайта-қайта біреу қоңырау шалды. Жанқош душтан шықты. «Зорладың ба?» дегенде маған «жоқ, өзің келдің, мені бәрі қыздар жақсы көреді ғой» деді. Мен «жоқ, сіздің үстіңізден арыз жазамын» дедім. Сол сәтте басқаша сөйлеп, «мен әйеліммен ажырасайын деп жүрмін, оны жақсы көрмеймін, маған ұл бала керек, саған деген сезімім бар, сені жақсы көремін» деді. Мен оның сол сөздеріне сендім», - дейді Әнару Қалдыбекқызы.
Оның айтуынша, Жанқош Тұраров сол қалпы әйелінен ажыраспаған. Бірақ, айтуынша, қызды да жайына қалдырмаған.
«Оған «әйеліңіз бар ғой, ар-намысыңыз қалай жібереді, намаз оқисыз, Меккеге бардыңыз, қыздарыңыз бар, неге маған бұлай істедіңіз» десем, «мен сені жақсы көремін» дейді», - деді ол.
Осылайша, Әнарудың айтуынша, Жанқош Тұраров оның қыр соңынан қалмайтын болған.
«Мен Алматыдағы жағдайдың бәрін ұмытайыншы, жаңа өмір бастайыншы деп, Ақтауға кеттім. Ол артымнан Ақтауға келді. Астанаға барсам, Астанаға келеді. Алты жыл бойы менің бүкіл жастығымды, қыздығымды, пәктігімді құртты», - дейді ол.
Әнару Қалдыбекқызы 2018 жылдан бері осы уақытқа дейін Жанқош Тұраров екеуі үнемі төсек қатынасына түсіп жүргенін мәлім етті. Ал, соңғы рет, оның айтуынша, Жанқош оны күшпен жыныстық қатынасқа түсірген.
«Ең алғаш қыздығымды алғаннан кейін 20 күн бойы кіндік шешемнің үйінде тұрдым. Сол кісі куә ғой: бір апта төсек тартып жатып, 20 күн бойы үйден шықпадым. Өзімді кінәладым, өкіндім. Қатты күйзелдім», - дейді ол.
Әнарудың айтуынша, соңғы рет Жанқош екеуі 2024 жылдың 12 тамызында кездескен.
«Соңғы рет мен Алматыда екенімді біліп алып, маған келемін деді. «Сәлем, қалайсың, мен сені сағындым» деп хат жазды. «Көргім келіп тұр» деп адрес сұрады. Мен кездесуге қарсы болдым. Ол маған «мен әйеліммен ажырасамын, ара қатынасымыз өте нашар, үш қыз туды, бір ұл туып бере алмады. Сендей адамнан, сендей қыздан ұрпақ болғанын қалаймын» деді. Сосын, мекен- жайымды жіберген соң, 12 тамыз күні түнде келді. Менің ойым – оған жандүниемде не болып жатқанын айту еді. Анам туралы айтып, жүрегімді ақтарғым келді. Анама шығарған өлеңімді оқыдым. Сол күні оған «өмірімді құрттың» деп жыладым. «Жеті жылдай болды сізге сеніп жүргеніме, қаншама адам үйленейік деп ұсыныс айтты, ешкімге қарамадым, сен менің жүрегіме өте қатты дақ салдың» дедім. Бірақ, ол тыңдамай, мені шешіндірмекші болды. Мен қарсы болдым, «Жанқош, сөйлесуге келдік қой» дедім. «Жағдайды айтқым келеді» дедім. Қарсыластым. Ол өз дегенінде тұрып, жыныстық қатынасқа түсті. Мені күшпен қылқындырып, мойнымнан ұстап тұрып, шашымнан тартып, зорлады. Бәрін болғаннан кейін жанымда отырды. Маған «ажырасамын» деп тағы сендіріп кетті», - дейді Әнару.
Арада алты күн өткен соң эмоционалды түрде шаршадым деген Әнару ақыры полицияға арыз жазуға бекінген.
«Зорлап жатқанда айқалайдым. «Тиіспе» дедім. Осыдан шаршаған соң, тамыздың 19-күні полицияны шақырдым. Оған дейін мен депрессияда жүрдім. Неге арыз жаздым десеңіздер, себебі мен шаршадым, жеті жылдан бері өмірім өтіп жатыр. Қыздығымды алғаны туралы, анама берген сертім туралы ойыма келе берді. Эмоционалды күйде болдым. Осылайша Әуезов полициясына барып, арыз жаздым. Полицияда беттестіру өтті. 20 тамызда беттестік. Беттестіру кезінде маған «Алла разылығы үшін мені кешірші, мен сені ұнаттым, саған деген сезімім бар, мен сені ешқашан тастамаймын, мәңгілікке бірге боламыз» деді. «Мен саған істегенім үшін бәріне жауап беремін, бәріне көмек беремін. Саған 2 млн теңге жіберейін» деді. Мен «ақша да, ештеңе де керек емес, психологиялық жағдайым дұрыс, балалық шағым бақытты өтті, маған анамның өлімі мен сіздің маған істегеніңіз жара салды» дедім. Енді істі полиция тергеп жатыр», - деді ол.
Әнарудың айтуынша, оның бар талабы Жанқош Тұраровты заң аясында жазалау.
«Өз жазасын алса екен деймін. Сараптаманың бәрін жасаттым. Яғни, Тұраров Жанқоштың жазаланып, қолымен істегенін мойнымен көтерсін деймін. Алты жарым жыл бұрын қандай адам еді, дәл қазір сондай адам. Қазір айтып тұрғанымның бәрі шын, барлық дәлелім бар. Жазбалар бар, куәгерлер бар», - дейді Әнару Құрманәлі.