Қазақстанда Мемлекет басшысының еңбек қауіпсіздігін күшейту және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өндірістегі қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанда Мемлекет басшысының еңбек қауіпсіздігін күшейту және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өндірістегі қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды Dala News.
Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бүгінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 479 мың қызметкер мемлекеттік қолдау және бақылау шараларымен қамтылған. Мұндай қызметкерлердің басым бөлігі Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған.
Министрдің мәліметінше, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, жұмыспен қамтуды заңдастыру және сақтандыру жүйесіне тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесімен 118 мың кәсіпорын қамтылған. Сонымен қатар 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш.
Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 170 профилактикалық тексеру жүргізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.
Сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру өткізді. Нәтижесінде еңбек заңнамасының 2,8 мыңға жуық бұзушылығы анықталып, орындауға міндетті 1630 нұсқама берілген. Бұдан бөлек, 532 млн теңге көлемінде айыппұл салынса, оның 392 млн теңгесі өндірілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған.
Министрдің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендетуге мүмкіндік берген. Атап айтқанда, 2024 жылмен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5%-ға, ал өлімге әкелген оқиғалар 7,9%-ға азайған.
Үкімет отырысында еңбек қатынастарын бақылаудың жаңа цифрлық тетіктері де таныстырылды. Әлеуметтік шиеленістердің алдын алу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек тәуекелдері картасы арқылы 98 мың кәсіпорынға мониторинг жүргізіп отыр.
Бағалау нәтижесінде 2,3 мың кәсіпорын жоғары тәуекел санатына, ал 3,2 мың кәсіпорын орташа тәуекел тобына енгізілген.
Министрдің сөзінше, Еңбек тәуекелдері картасы ұжымдық шарттардың болуы, еңбек шарттарының тіркелуі, жалақы мен әлеуметтік төлемдердің уақытылы төленуі секілді көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек ахуалын аудан деңгейіне дейін қадағалап, әкімдіктер мен құқық қорғау органдарына жедел талдамалық ақпарат ұсынады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында «HR Enbek» порталында кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны енгізілмек. Жаңа жүйе әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерді цифрландыруға, еңбек жағдайларын бақылауға, кәсіподақ мүшелерін есепке алуға және мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 4 республикалық, 58 салалық, 25 аумақтық және 444 жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді. Ал республикалық үшжақты комиссия жыл басынан бері екі отырыс пен екі жұмыс тобының кездесуін өткізген.