Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасын айырбастау тәртібіне өзгерістер енгізді. Жаңа талаптарға сәйкес, 500 мың теңге және одан жоғары сомаға валюта сатып алу немесе сату кезінде жеке куәліктің деректері, ЖСН және заңды мекенжай ұсынылуы тиіс. Осындай ереже енді құйма алтынмен жасалатын операцияларға да қатысты болмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаулы 2 желтоқсанда қабылданып, 22 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Алайда бірқатар нормалар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
500 мың теңге және одан жоғары операциялар үшін айырбастау пункттері деректерді міндетті түрде тіркеуге тиіс. Тізілім журналында мыналар көрсетілуі қажет:
– ЖСН;
– жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтер (құжат түрі, берілген күні, нөмірі, жарамдылық мерзімі, ЖСН болмаған жағдайда);
– клиенттің заңды мекенжайы (ел, елді мекен, көше, үй және пәтер нөмірі);
– клиенттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса).
Дәл осындай талаптар 500 мың теңгеден жоғары сомадағы құйма алтын операцияларына да енгізіледі.
Сондай-ақ айырбастау операциялары бойынша есептілікті реттейтін мерзімдер қайта қаралды: уәкілетті банктер мен ұйымдардың есеп беру уақыты 6 айдан 1 айға дейін қысқартылды.
Бұған қосымша, уәкілетті ұйымдар бөлінісінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату жөніндегі банктер үшін есептің көлемі кеңейтіледі.
