45 жастан асқан әйелдердің жұмысқа орналасуы қиын

Dalanews 13 ақп. 2020 04:18 892

Қазақстан әйелдер күштерінің Альянсы еліміздегі нәзікжандылардың жағдайын жақсартуға арналған «Жол картасын» таныстырды, – деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Ұйым құжатты әзірлемес бұрын әлеуметтік зерттеу жүргізіп, бірқатар түйіткілді анықтаған. Айталық, әйелдердің жас ерекшелігіне қатысты гендерлік кемсітушілікті жан-жақты зерделепті.

Альянс жетекшісі Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, 45 жастан асқан әйелдердің жұмысқа орналасуы қиын. Ал олардың зейнетке шығуына әлі 20 жыл бар.

Ұйымның сауалнамасына жауап берген жұмыссыз келіншектердің 57 пайызы дәл осы себепке байланысты жұмысқа орналаса алмай жүргендерін айтқан.


Жалпы Жол картасы 7 бағытты қамтыды. Онда әйелдердің құқықтық сауаты, жұмыспен қамту, медициналық қызмет, репродуктивті денсаулық, жас қыздарға тәрбие беру жұмыстарын жолға қою қарастырылған.

Сондай-ақ Альянс жергілікті басқару органдарында әйелдердің үлесін 50 процентке жеткізуді ұсынып отыр.

«Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы» ЗТБ жетекшісі Раушан Сәрсембаева

– Жол картасы әйелдер ісі бойынша қалалық комиссияда қаралды. Елдегі әйелдердің, атап айтқанда Алматы қаласында тұратын азаматшалардың жағдайын жақсартуға Азаматтық қоғамның беретін нақты ұсыныстарын жарияладық. Ұйым мен Алматы қаласы әкімдігі арасында келісім бар. Құжатты қалалық комиссияда бекітіп, пилоттық жоба ретінде жүзеге асыра бастаймыз. Одан кейін аймақтағы әйелдерді қамтимыз, – деді «Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы» ЗТБ жетекшісі Раушан Сәрсембаева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар