Бұған дейін хабарлағандай, төлемді есептеу үшін алғашқы ай ретінде 16 наурыздан бастап 15 сәуір аралығы алынады. Қазіргі төтенше жағдай бойынша екінші ай 16 сәуірден 11 мамырға дейін белгіленген.
Жоғарыда айтқанымыздай, 16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар (әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қашан жасалғанына қарамастан), төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, «42 500 теңге» төлемге екінші айда үміткер бола алады. 16 сәуірден бастап 11 мамыр күні сағат 18.00-ге дейін өтініш берген азаматтар бір рет төлем ала алады.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай режимінің тоқтатылуына байланысты 2020 жылғы 11 мамырда сағат 18.00-ден бастап «42 500 теңге» төлемін тағайындауға жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды.
Жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін келіп түскен барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, өтінімдер төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлемдер тағайындау қағидаларына сәйкес келген жағдайда «42 500 теңге» әлеуметтік төлем тағайындалады және төленеді.
Бұрын берілген өтінішті қарау мәртебесін 42500.enbek.kz сайтында білуге болады. «42 500 теңге» төлемі енгізілген сәттен бастап оны 4,5 млн адам алды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі