4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл дата еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін айшықтайтын маңызды мерекелердің бірі саналады, деп хабарлайды dalanews.kz.
1992 жылдың дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бекітіліп, тәуелсіз мемлекеттің басты нышандары ресми түрде қабылданды.
Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі, бірлігі мен тұтастығының белгісі. Оларды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы әрі жауапкершілігі.
Алматыда қандай іс-шаралар өтеді?
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы қаласында бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Медеу» спорт кешенінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтсе, Достық үйінде конференция ұйымдастырылады. Ал Көктөбеде мерекелік концерт жоспарланған.
Сонымен қатар қаладағы барлық ауданда тақырыптық мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі.
Астанада Мемлекеттік Гимн орындалды
Елордада мерекеге орай «Жастар» сарайының алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды.
Іс-шараға «Жастар» сарайының концерттік ұжымдары, балалар шығармашылық ұжымдарының тәрбиеленушілері, би театрының қатысушылары мен мекеме қызметкерлері қатысты.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға бағытталған шараға концерттік және шығармашылық ұжымдардың 100-ге жуық өкілі қатысқан.