Freedom Inside '26

251 млн теңге субсидия жымқырғандарға сот үкімі шықты

251 млн теңге субсидия жымқырғандарға сот үкімі шықты
pixabay.com

Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары екі жыл бойы мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып келгені анықталған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынған. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен 251 млн теңгеден астам субсидия заңсыз төленген.

Алайда кооперативтерде аталған қызметтерді жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік қуаттар, жабдықтар, жұмысшылар және басқа да ресурстар болмаған.

Сонымен қатар тергеу барысында «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар рәсімдеу схемасы әшкереленді. Бұл құжаттар жалған мәмілелерді көрсету және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде азайту үшін пайдаланылған.

Нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық көлемі 416 млн теңгеден асқан.

Сот қылмыстық схемаға қатысқан екі адамды алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.