Жалал-Абад облысының Ақсы ауданында 25 жастағы Айчүрөк Өмүралиеваның өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Марқұмның туыстары әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін айтса, полиция сот-медициналық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жақындарының айтуынша, Айчүрөктен үш бала – екі ұл мен бір қыз қалған. Олар әйелдің қайтыс болар алдында отбасындағы жағдайға шағымданып, басқа жаққа кетуге көмектесуді сұрағанын айтады.
Марқұмның ағасы Ақылбек Өмүралиевтің сөзінше, қайғылы оқиға болған күні қарындасы туыстары мен сыныптастарына хабарлама жіберген.
"Оның SMS-хабарламалары бар. Сол күні туыстарына қоңырау шалып: "Бішкекке кетемін, маған баспана және тұратын жер тауып беріңдер", – деген. Ал сыныптастарына: "Мені ұрып жатқан сияқты, өлтіріп жіберуі мүмкін", – деп жазған", – деді ол.
Туыстары әйелдің денесінен күш қолданылғанын көрсетуі мүмкін іздер байқалғанын мәлімдеді.
"Денесінің оң жағында соққыдан қалғанға ұқсайтын қызыл іздер болды. Мойнында саусақ іздері көрінді. Мойнының сол жағынан желкесіне дейін қара-көк гематомалар болған", – дейді марқұмның ағасы.
Ол тергеу барысына да наразылық білдірді.
"Неліктен қыздың денесінде жарақат жоқ, денесі таза деп айтып жатыр? Мұндай қорытынды қандай негізде жасалды?" – деді Өмүралиев.
Ал марқұмның күйеуінің туыстары тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы нұсқаны жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, Айчүрөктің өлімі қатыгездікпен байланысты емес.
"Бұл зорлық-зомбылық болған жоқ. Егер сараптама керісінше қорытынды жасаса, біз оны қабылдаймыз. Бізге адам қайтыс болғаннан кейін бір жарым-үш сағаттан соң денесінде гематомалар пайда болуы мүмкін екенін түсіндірді. Бұл сондай жағдай болуы ықтимал", – деді олар.
Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасы әйелдің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша болған жағдайға заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі", – деді облыстық полиция өкілі.
Тергеу жалғасып жатыр.