24 млрд теңгенің заңсыз активі қайтарылды: қаражат су тасқынына жұмсалады

Сағыныш Сардарова 18 сәу. 2024 12:14 1474

Бас прокуратура заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен арнайы комиссия соңғы отырысының қорытындысы бойынша 24 млрд теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды.

"Активтерді қайтару жөніндегі комитет арнайы мемлекеттік қорды 2,2 млрд теңгеге толықтырды", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл қаражат елдегі су тасқынының салдарын жоюға бағытталды.

Сонымен қатар, бейінді заңның мақсаттарына сәйкес келешекте өндірілетін қаражат та зардап шеккен өңірлердің әлеуметтік жобаларына бағытталады.

Айта кетейік, бұған дейін де жалпы көлемі 85 млрд теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы бірқатар келісім мақұлданды.

Мемлекетке қайтару жоспарланып отырған активтердің қатарында Қазақстандағы және шетелдегі тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, ақшалай қаражат, компаниялардағы үлестер, қымбат зергерлік бұйымдар, 10 мың гектардан астам жер бар екені хабарланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x