207 мың кәсіпкер қызметін тоқтатты: депутат салық реформасының нақты әсерін зерттеуді сұрады

207 мың кәсіпкер қызметін тоқтатты: депутат салық реформасының нақты әсерін зерттеуді сұрады
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин салық режимінің өзгеруінен кейін шағын және орта бизнес субъектілерінің едәуір қысқарғанын айтты. Ол бұл туралы 23 қыркүйекте өткен Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2 175 605 жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі болған. Ал 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың саны 1 974 899-ға дейін төмендеген.

«Осылайша, алты ай ішінде статистикалық тұрғыдан жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 200 706-ға қысқарды. Тек Алматының өзінде төмендеу 41 252 субъектіні құрады», – деді Константин Авершин.

Депутат бұл көрсеткіштің төмендеуін Ұлттық статистика бюросы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне өтуімен түсіндіріп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар салық органдарының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көр сеткіш 82 874, ал 2024 жылы 125 093 болған.

«Осылайша, болып жатқан процестерді тек кәсіпкерлердің салық мәртебесінің техникалық өзгеруімен байланыстыруға болмайды. Статистиканың артында нақты кәсіпорындар, жұмыс орындары, азаматтардың табыстары, салық базасы және өңірлер экономикасының тұрақтылығы тұр», – деді ол.

Константин Авершиннің айтуынша, шағын және орта бизнеске салық реформасының нақты әсеріне объективті баға беру қажет.

«Сондықтан бизнестің жаңа жағдайларға бейімделуін жалпы сипаттаумен шектелмей, салық реформасының нақты салдарына объективті баға беру және кәсіпкерлерге шамадан тыс салмақ түсіретін шешімдерді уақтылы түзетуге мемлекеттің дайындығын бағалау қажет», – деді депутат.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясы жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтатуының нақты себептерін анықтауды ұсынды. Атап айтқанда, нақты кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне өткен және жаңа салық талаптарына байланысты жұмысын жалғастыра алмаған кәсіпкерлердің санын бөлек көрсету қажет.

Сондай-ақ депутаттар жаңа салық жағдайларының жұмыспен қамтуға, ШОБ субъектілерінің айналымына, салық түсімдеріне және кәсіпкерлік қызметтің бейресми секторға ауысуына әсерін бағалауды сұрады.

Фракция Үкіметтен талдау нәтижелері бойынша салық заңнамасы мен құқық қолдану практикасына қажетті түзетулер енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.