2026 жылдан бастап Қазақстанда көлік салығын есептеу тәртібі өзгереді. Жаңа ережелер көліктің жасына, санатына және құнына тікелей байланысты болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Жәния Сандыбайдың айтуынша, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты - әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға түсетін салық жүктемесін азайтып, қымбат көлік иелері үшін жауапкершілікті күшейту.
Көліктің пайдаланылған мерзімі
Алғаш рет көлік салығын есептеу кезінде көліктің пайдаланылған мерзімі ескеріледі. Бұл бағытта төмендету коэффициенттері енгізіледі:
-
10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктер үшін - салық 30%-ға азаяды;
-
20 жылдан асқан көліктер үшін - 50% жеңілдік қарастырылған.
Бұл - елдегі ескі автопарк иелері үшін айтарлықтай қолдау. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстандағы жеңіл көліктердің шамамен 67%-ы 10 жылдан аса уақыттан бері қолданылып келеді, ал олардың 41,5%-ы 20 жылдан асқан.
Көлік санаты нақты айқындалады
Бұрын көліктерді джип, пикап, фургон секілді типтерге бөлу кезінде дау туындайтын. Енді бұл норма алып тасталды. Көлік салығы тек техникалық төлқұжатта көрсетілген санат бойынша есептеледі (A, B, C, D).
3 литрден асатын қозғалтқыштарға үстеме салық жойылды
Бұрын қозғалтқыш көлемі 3000 куб см-ден асатын, 2013 жылдан кейін шығарылған көліктерге жоғары салық салынатын. 2026 жылдан бастап бұл талап алып тасталады.
Енді барлық жеңіл көлік бірыңғай шкала бойынша салық төлейді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жеңілдік сақталады
Әрбір шаруа немесе фермер қожалығына тиесілі бір көлік көлік салығынан толық босатылады (талаптарға сай болған жағдайда).
-
Егер бір ғана пикап болса, салық төленбейді;
-
Бірнеше көлік болса, жеңілдік тек біреуіне қолданылады.
Қымбат көліктерге 10% акциз енгізіледі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап құны 18 000 АЕК-тен (шамамен 77 млн теңге) асатын жеңіл көліктерге 10% акциз салынады. Бұл талап көлікті алғаш тіркеу кезінде де, кейін қайта сату барысында да қолданылады.
Заңды тұлғаларға есеп жеңілдетілді
Компаниялар енді көлік салығы бойынша тоқсан сайын есеп тапсырмайды. Тек жылдық декларация жеткілікті.
Қашан күшіне енеді?
-
Жаңа тәртіп 2026 жылға қатысты, яғни төлемдер 2027 жылы жүргізіледі.
