Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қалай өсетінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, 2026 жылға арналған бюджетте бұл мақсатқа 622 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінбек. Зейнетақы мен жәрдемақыларды 10 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш қазіргі болжамды инфляция деңгейіне (10,5%) сай келеді.
"Барлық зейнетақы түрі өседі: ынтымақты және базалық зейнетақы. Сонымен қатар, мүгедектік бойынша төлемдер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға, сондай-ақ, оларға күтім жасайтын ата-аналарға берілетін жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу жағдайындағы төлемдер де артады. Негізгі базалық көрсеткіштердің бәрі өседі", – деді Светлана Жақыпова.
Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін де Қазақстанда зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер артатыны жарияланған. Бұл туралы Сенатта премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл шаралар салық бойынша өзгерістер мен инфляция жағдайында азаматтардың осал топтарын қорғауға бағытталған.