2026 жыл: кредит беру талаптары күшейеді

Көркем Алдабергенова 19 қар. 2025 12:40

Халықтың тұрмысын жақсарту тақырыбы Үкіметте басты назарға шықты. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің баяндамаларын зерделегеннен кейін, негізгі жайттарды "Қаржылық сауат" сарапшылары қысқаша түйіндеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы секторын реттейтін Ұлттық банк пен Қаржы нарығы агенттігі келесі жылдан бастап кредиттеу жүйесін күшейтуді жоспарлап отыр. Негізгі міндет азаматтардың шамадан тыс қарызға батпауын қамтамасыз ету және «қымбат несиелердің» көбеюіне жол бермеу.

Не өзгереді?

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ЖТСМ) жаңа шек қойылады.
Қазір нарықта ЖТСМ тым жоғары, сондықтан несие құны негізсіз қымбаттап кеткен. Енді реттеуші орган ЖТСМ бойынша жаңа лимит енгізеді:

– банктер мен микроқаржы ұйымдары артық пайыз қосып, несие бағасын өсіре алмайды.

Яғни несие бұрынғыдай түрлі «қосымша комиссиялармен» қымбаттамайды.

5 жылдан ұзақ мерзімге кепілсіз несие беруге тыйым сол күйі қалады.
Ұзақ уақытқа берілген кепілсіз қарыздар көбіне қарыз алушыны ауыр жүктемеге салып қояды. Сол себепті банк 5 жылдан асатын мерзімге кепілсіз несие берсе, бұл заң бұзушылық болып есептеледі.

Бұдан бөлек, барлық кредит адам табысына қарай есептеледі. Бұрын тауарлық қарыздар немесе кейінге қалдырылған төлемдер есепке алынбайтын. Енді олардың барлығы табысқа қатысты жалпы жүктеме ретінде қаралады.

– Егер адамның айлығы өспесе, оған қосымша несие мақұлданбайды.

Сотқа жүгінбей қарызды реттеу рәсімі жеңілдейді.
Жаңа ережеге сәйкес:

– несие үш ай бойы өтелмесе, банк борышкерге ресми хабарлама жібереді;
– қарызды сотқа апармай-ақ шешуге болатын балама жолдар ұсынылады;
– бұл әдіс азаматты артық өсімпұл мен шығындардан қорғайды.

Үкімет баяндамасынан шыққан түйіндер:

Коммуналдық тарифтер 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін өспейді.
Тарифтерге енгізілген мораторий күшінде қалады.

2026 жылдың ІІ тоқсанынан бастап тарифтер тек инфляция деңгейінде ғана өседі.
Яғни бақылаусыз қымбаттау болмайды.

Тұрғын үйге қатысты көмек халықтың әлеуметтік осал топтарына бұрынғыдай бағытталады.

Ең төменгі жалақы 2027–2028 жылдары қайта қаралып, өсіріледі.

2026–2028 жылдары халықтың нақты табысы жыл сайын кем дегенде 2–3% өседі деген жоспар бар.

Маркетплейстердегі баға айқынырақ болады.
Сыйақы, комиссия секілді жасырын төлемдер ашық көрсетіледі.
Бөліп төлеу мен бірден төлеу бағасы бөлек жазылады.

Жалпы алғанда, бұл шаралардың барлығы инфляцияны төмендетуге және баға тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған. Ресми органдар осы өзгерістер нәтижесінде экономикадағы бағалар тұрақтанады деп сенеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар