2025 жылы Қазақстанның дипломатиялық белсенділігі: Мемлекет басшысының сапарлары мен ресми кездесулері

Қаракөз Амантай 23 жел. 2025 09:00

2025 жылы Қазақстан халықаралық аренада айтарлықтай белсенділік танытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 мемлекетке сапар жасап, стратегиялық әріптестермен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Қазақстанға 18 шетел басшысы келіп, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосты. Осы тұста, Dalanews.kz редакциясы негізгі оқиғалар мен маңызды кездесулерге шолу жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге жасаған  сапарлары

БАӘ

13 қаңтарда Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар жасап, Абу-Дабидің орнықты даму апталығы (ADSW) саммитіне қатысты. Кездесу барысында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен, әлемдік саясат және инвестиция саласының жетекшілерімен пікір алмасты. Президент орнықты даму, климат өзгерісіне қарсы күрес және жасыл технологияларды дамыту мәселелерін талқылады, сонымен қатар Қазақстанның жасыл энергетика жобалары мен алғашқы атом электр станциясын дамыту жоспарын таныстырды.

Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, су тапшылығы, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің азаюы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді өзекті мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Ал бұл проблемаларды шешуде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және ядролық энергетиканы дамытуға басымдық беретінін жеткізді.

Халықаралық форумға БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Руанда Президенті Поль Кагама, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Жаңа Зеландия Премьер-министрі Кристофер Лаксон, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, сондай-ақ саясат, инновация, жасыл энергетика және инвестиция саласындағы әлемдік көшбасшылар қатысты.

Иордания

18 ақпанда Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барды.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король II Абдалла шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіп, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойды. Мемлекет басшысы Корольдің таққа отырғанына 25 жыл толуымен құттықтап, Иорданияның орнықты дамуы мен халықаралық беделін арттыруға бағытталған реформаларын жоғары бағалады. Король II Абдалла өз кезегінде Қазақстан Президентінің халықаралық бастамаларын және елдегі саяси-экономикалық реформаларын қолдайтынын білдірді.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі және фармацевтика салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты. Сондай-ақ атом энергетикасы, көлік-логистика, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, туризмді ілгерілету және тікелей әуе қатынасын ашу мәселелеріне назар аударылды.

Бұдан бөлек, білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарды кеңейтуге, студенттер мен оқытушылар алмасуға және бірлескен іс-шаралар өткізуге дайын екені айтылды. Мемлекеттер басшылары келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Өзбекстан

3 сәуірде Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен “Орталық Азия – Еуропа Одағы” саммитіне барды. Мемлекет басшысы аталған шараға ерекше мән беріп, бұл жиын аймақ елдері мен Еуропа Одағы арасындағы диалогты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында президенттер Алматыда өткен бейресми жүздесудің нәтижелі болғанын атап өтті. Аталған кездесу қазақ-өзбек қарым-қатынастарын тағы бір нақтылап, бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергені айтылды.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық бағыттары бойынша өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екендерін растады.

Ресей

8 мамырда Ресейге сапар жасап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты. Сол күні Венесуэла Президенті Николас Мадуро және Сербия Президенті Александр Вучичпен кездесті.

Тоқаев Венесуэламен екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Николас Мадуроны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде Николас Мадуро екі ел арасындағы байланысты дамытуға бағытталған диалогқа дайын екенін білдіріп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығының жаһандық маңызына назар аударды.

Сербия Президенті Александр Вучичпен кездесу барысында Мемлекет басшысы былтыр қараша айында Белградқа жасаған ресми сапарын еске алып, екі ел достығын нығайтудағы және көпқырлы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті. Александр Вучич Сербияның Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Мажарстан

21 мамырда Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәнін атап, мажар халқына алғысын жеткізді.

Түркия

29 шілдеде Түркия Республикасына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкара қаласының "Есенбоға" әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Ал күтіп алу үшін трап алдында құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды.

Түрікменстан

5 тамызда Тоқаев Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысты. Мұнда бұл бастаманы көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке, сондай-ақ аталған елдердің мәселесіне назар аударғаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл үдеріске алғашқы жылдардан бері белсенді қатысып келе жатқанын, кезінде Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданып, теңізге шығар жолы жоқ елдердің мәселелері алғаш рет жаһандық деңгейде көтерілгенін атап өтті.

Қырғызстан

22 тамызда Қырғызстан астанасы Бішкекке ресми сапар жасады. Кездесуде Садыр Жапаровпен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды. Ол елдегі реформалар мен экономикалық өсімге қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстан Қырғызстанмен бауырлас ел ретіндегі қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретіні айтылды.

Қытай

2025 жылы 30 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Тяньцзинь қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне шақыруды қабыл алып, Қытайдың ұйымға төрағалығын қолдайтынын және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.

Кездесуде қазақ-қытай қатынастарының мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқаны аталып өтті. Өз кезегінде Қытай Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдіріп, екі елдің өзара сенім мен тату көршілікке негізделген байланыстары жаңа деңгейге көтерілетінін атап өтті.

ҚХР

3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Қытайға қайта жолы түсіп, Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өткен Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадты тамашалады. Кездесуді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасының жиырмадан астам мемлекеті мен үкімет басшылары қадағалады.

АҚШ

23 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары биылғы күздің ең маңызды оқиғаларының біріне айналды. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 5,2 млрд долларды құрайтын 11 келісім мен меморандумға қол қойылды.

Құжаттар көлік, энергетика, логистика және ақпараттық технология сияқты стратегиялық салаларды қамтиды.

Бұдан бөлек, Тоқаев Черрогория, Украина, Франция, Финляндия президенттерімен кездесті. 

Әзірбайжан

7 қазанда Тоқаев Әзірбайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитіне қатысты. Президент жаһандық қауіпсіздік жүйесінің күрделі кезеңде екенін атап, Түркі мемлекеттері ынтымақтастығын күшейтіп, “Түркі мемлекеттері ұйымы+” форматын құру идеясын қолдады.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтудағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөліне тоқталды. Сонымен қатар Ұйым аясында киберқауіпсіздік кеңесін құру ұсынылып, цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты нығайту маңыздылығы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өркендеудің негізі деп атап, 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму жоспарын іске асыруға, сауда-экономикалық жобаларды жүзеге асыруға және Түркі инвестициялық қорын тиімді пайдалануға басымдық беруді ұсынды. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдап, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдалануға ниет білдірді.

Тәжікстан

9 қазанда Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Президенттер Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға бейіл екендерін растады. Тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды.

Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

АҚШ

7 қарашада АҚШ астанасы Вашингтонда Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды. Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Ресей

11 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды. 11 қарашада қос президент бейресми кездесу өткізді. 12 қарашада екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Өзбекстан (Ташкент)

15 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан астанасы Ташкентке мемлекеттік сапармен барды. Кездесу барысында мемлекет басшылары қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірледі.

ҰҚШҰ саммиті 

Бішкекте өткен саммитке Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан президенттері қатысты. Ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Түрікменстан

11 желтоқсанда Президент Ашхабад қаласына барды. Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Ашхабад қаласына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқылады. Сердар Бердімұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына айрықша мән берілді. Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Мемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.

Жапония

18 желтоқсанда Мемлекет басшысы ресми сапармен Жапонияға барды. Мұнда ол Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ, Жапонияның іскерлік орта өкілдерімен кездесті. Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті "Орталық Азия – Жапония" саммитінде төбе көрсетті.

Шетел басшыларының Қазқстанға сапары

Италия Президенті Серджо Маттарелла – 9 наурыз

Италия Президенті Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Мемлекет басшылары сауда, инвестиция, мәдени-гуманитарлық байланыстар және бизнес серіктестікті дамыту мәселелеріне назар аударды. Тоқаев Италия компанияларының Қазақстандағы белсенділігін атап өтіп, серіктестіктің көпқырлы әрі тұрақты екенін жеткізді.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев – 29 наурыз

Алматыда өткен бейресми кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызы сөз болды. Тоқаев Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық өсімін атап, сауда-экономикалық байланыстарды арттыру жолдарын талқылады. Шавкат Мирзиёев екіжақты қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар – 31 наурыз

Словения Президентінің сапары екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты талқылауға мүмкіндік берді. Тоқаев елдегі словениялық капитал қатысқан 19 компанияның жұмысын атап өтіп, көлік-логистика, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм және жаңартылатын энергия салаларындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін қозғады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Тақ мұрагері – 12 мамыр

Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанға ресми сапармен келіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету мәселелері талқыланды. Кездесуде 20-дан астам инвестициялық және коммерциялық келісімге қол қойылды, жалпы құны 5 миллиард доллардан астам жобалар іске асырылды.

Руанда Президенті Поль Кагаме – 28 мамыр

Қазақстан мен Руанда арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін тарихи сапар. Тоқаев өзара тиімді серіктестіктің басым бағыттары ретінде ІТ, жасанды интеллект және экономикалық жобаларды атады.

Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова – 28 мамыр

Астана халықаралық форумына қатысу аясында Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы дипломатиялық байланыстардың 30 жылдық мерейтойына орай кездесулер өтті.

Болгария Президенті Румен Радев – 9 маусым

Болгариямен әріптестікті кеңейту, сауда-экономика, энергетика, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасыл энергия салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

"Орталық Азия – Қытай" II саммиті – 17 маусым

Елордада өткен саммитке ҚХР төрағасы Ци Цзиньпин және Орталық Азия елдерінің басшылары қатысты. Қазақстан мен Қытай жалпы сомасы 25 миллиард АҚШ долларына жуық келісімдерге қол қойды.

Иордания Королі ІІ Абдалла – 27 тамыз

Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайту және түрлі саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисеке – 10 қыркүйек

Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келген Конго Президенті Қазақстанмен сауда-экономикалық серіктестікті нығайтуға ниетін білдірді.

Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайн – 27 қыркүйек

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық басымдықтарын таныстыру, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, ІТ және цифрландыру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мажарстан Президенті – 2 қазан

Тараптар сауда-экономикалық, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев – 21 қазан

Сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар қарастырылды.

Финляндия Президенті Александер Стубб – 28–29 қазан

Қазақстан мен Финляндия арасындағы 20 негізгі мәселе бойынша келіссөздер жүргізілді.

Татарстан Республикасы Раисы Рустам Минниханов – 31 қазан

Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы, соның ішінде өңірлік серіктестік мәселелері талқыланды.

Эстония Президенті Алар Карис – 17 қараша

Экономикалық ықпалдастықтың басым бағыттары мен өңірлік әріптестікті нығайту мәселелері қаралды.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов – 25 қараша

Сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялар мен кәсіпорындар арқылы экономикалық байланысты нығайту қарастырылды.

Иран Президенті Масуд Пезешкиан – 11 желтоқсан

Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар