2025-2027 жылдары Абай облысында 75 мектеп жаңғыртылады

Ақтоты Жапатова 26 там. 2025 14:00

Абай облысында 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық кешенді түрде жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Илиясов мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Оның айтуынша, өңір жаңа оқу жылын жаңартылған мектептер, жаңа кабинеттер, толық қауіпсіздік және жылытуға дайындықпен қарсы алады. Облыста үш ауысымды мектеп жоқ.

«Реновация» бағдарламасы аясында 2025-2027 жылдары 75 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Биылдың өзінде 8 мектеп толық жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына дейін дайын болады. Оның ішінде Семей қаласындағы №32 орта мектеп, Жаңасемей ауданындағы Түрксіб және Приречное мектептері, Аягөздегі №7 орта мектеп пен Қ.Қадыржанов атындағы мектеп, Бесқарағайдағы Глуховка мектебі, Үржар ауданындағы Б.Момышұлы мектебі бар. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ.

Сонымен бірге «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Семей қаласы Водный кентіндегі мектеп 1 қыркүйекте ашылады. Аягөз қаласындағы 600 орындық жаңа мектеп 2-тоқсанда пайдалануға берілмек. Бұған қоса Семейдің Шығыс Оң кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда.

Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған.

Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің жобалық құжаттамасы сараптамаға жіберілді. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр.

Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында биыл 12 мектепке күрделі жөндеуге 2 млрд 900 млн теңге бөлінді, оның бесеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында. Бұдан бөлек 174 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Оқу сапасын көтеру үшін 75 мектепке 130 жаңа оқу кабинеті сатып алынды (физика – 17, химия – 20, биология – 22, STEM – 20, робототехника – 10, басқа бағыттар – 41). Барлық мектеп 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықталып, жедел басқару орталықтарына қосылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар