2024 жылы Алматыда 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылды

Ақтоты Жапатова 11 сәу. 2025 11:20 359

Алматы қаласының туризм саласына тартылған инвестициялар оң қарқын көрсетіп келеді. 2024 жылы инвестиция көлемі 110,9 млрд теңге болып, 2023 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Жеке инвесторлар 35 жаңа орналастыру нысанын іске қосты, олардың қатарында 20 қонақүй, 4 глэмпинг, 8 хостел және 3 қонақ үйі бар. Бұл қаладағы нөмірлік қорды 836 орынға көбейтіп, туристерді қабылдау инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартты. Жыл қорытындысы бойынша туризм саласындағы салық түсімдері 1,9 есеге өсіп, 90,7 млрд теңгеге жетті.

2024 жылы Алматыда 100 шақырым тау соқпағы абаттандырылып, негізгі соқпақтар ретке келтірілді, 450 инфрақұрылым нысаны орнатылды — ақпараттық стендтер, белгілер, күркелер, орындықтар мен көпірлер, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған 13 кемпинг аймағы ашылды.

«Көктөбе» саябағында «Денсаулық жолы» деп аталатын жаңа жаяу жүргіншілер бағыты ашылды. Бұл – ашық аспан астында серуендеп, белсенді демалуға арналған абаттандырылған маршрут. Ұзындығы 1,2 шақырым жолдың құрылысы 2023 жылы жеке инвестициялар есебінен басталған. Бағыт бойына заманауи жарықтандыру, бейнебақылау жүйесі, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен Алматы және тауға көрініс ашатын алаңдар орнатылып, келушілерге жайлы жағдай жасалған.

Туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды орындардың бірі — «Медеу» бөгеті. Бұл – биік таудағы атаулы спорт кешенінен жоғары орналасқан бірегей гидротехникалық нысан. Абаттандыру аясында мұнда «Медеуге» панорамалық көрініс беретін төрт жаңа шолу алаңы орнатылып, панорамаға шолу жасауға арналған алты тегін бинокль қойылды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында қоршаулар мен жол төсеніштері жаңартылды. Сонымен қатар, шолу алаңдары мен бөгет бойына бейнекамералар орнатылып, бұл нысанды аралау әрі қызық, әрі қауіпсіз болды.

Жаңа жаяу жүргінші бағыты — «Жұмбақ жолдың» ұзындығы 285 метр, күніне 2 мыңнан аса адам жүріп өте алады. Бұл жол туристер арасында танымал Горельник визит-орталығына апарады. Инфрақұрылым толықтай абаттандырылып, демалуға арналған жайлы аймақтар, ақпараттық стендтер мен түнгі жарықтандыру орнатылған. Жоба экотуризмді дамытуға және «Медеу» мен «Шымбұлақ» сияқты жүктемесі көп бағыттардағы туристік ағынды азайтуға бағытталған.

2025 жылы Алматы қаласы Туризм басқармасы ұзындығы 100 шақырымнан асатын 10 жаңа тау соқпағын абаттандыруды және күн панельдерімен жабдықталған 3 кемпинг аймағын жасауды жоспарлап отыр. Бұған қоса, Алматыда туризмді дамытудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде биыл екі ірі мәдени нысанның — «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts көркемөнер мұражайының ашылуы жоспарланған. Бұл жобалар Алматыға жаңа мәдени және туристік нүктелер қосып, қаланың өңірдегі өнер мен мәдени іс-шаралар орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтпақ.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылы Алматы туристер санынан жаңа рекорд орнатып, қалаға 2 340 314 адам келген. Бұл көрсеткіш 14,8%-ға өскен. Алматының Қазақстандағы жалпы туристік ағындағы үлесі — 25,6%, ал шетелдік туристер арасында — 53%. Шетелдік қонақтар саны 26,9%-ға артып, 686 355 адам болды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 145 611 адамға артық. Алматыға ең көп келетін туристер — Ресей азаматтары (155 445 адам). Сондай-ақ, Үндістаннан келген туристер саны 2,4 есеге артып, 115 246 адамға жетті. Сонымен қатар, Қытайдан (50%), АҚШ-тан (34,4%), Түркиядан (12%) және Оңтүстік Кореядан (3,2%) келушілер саны артты.

Алматы қаласын одан әрі дамыту мақсатында Almaty Tourism Bureau Mastercard компаниясымен бірлесе отырып, қалаға келетін туристің бейнесі мен саяхатын сипаттайтын зерттеу жүргізді.

Алматы өзінің танымалдығын дәлелдеп қана қоймай, жаңа рекордтар орнатып келеді. Бұл қала тек Қазақстан туризмінің орталығы емес, әлем саяхатшылары үшін де тартымды орталыққа айналған. Қала қонақтарға шаңғы курорттары мен экстрим-турлардан бастап, гастрономиялық фестивальдер мен тарихи экскурсияларға дейін жан-жақты бағдарлама ұсынады. Халықаралық әуе қатынастарының кеңеюі, ірі іс-шаралардың ұйымдастырылуы мен қызмет көрсету сапасының жақсаруы – Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналдырып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар