2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Жол жылы» болып жарияланды

Dalanews 20 нау. 2024 11:18 3016

Ағымдағы жыл Шығыс Қазақстанда жол, жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру жылы болып жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық құрылтайда халықаралық сапа стандарттарына барынша жақын автожол желісін жеделдетіп қалыптастыру қажеттілігі туралы айтып, қазіргі жай-күйіне ерекше назар аударған еді.


Аймақ пен тұтастай елдің дамуы, халықаралық ынтымақтастық, тиімді көлік дәліздерінің кеңеюі, осының бәрі жолдардың жай-күйіне – экономиканың өзіндік қанайналым жүйесіне тікелей байланысты деуге болады.


Бұл тұрғыда республика өңірлері мен көрші мемлекеттер арасындағы байланыстырушы буын саналатын Шығыс Қазақстан облысының рөлі айрықша маңызға ие. ШҚО инфрақұрылымының жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету үшін жалпы көлік желісіне сәйкес келу-келмеуі серіктестіктің келешегіне де әсер етері анық.

Осыған орай, 2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында «Жол жылы» болып жарияланған-ды.


Облыстық әкімдікте өткен кезекті алқалы жиында өңір басшылығы тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ салалық мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу жайы талқыланды.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов облыста жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгенің жобалары іске асырылатынын хабарлады.


– Жол саласының әлеуетін, кадрлардың біліктілігін, қажетті техникамен қамтылуын ескере отырып, тиісті қаржыландыру болса, бізде көзделген жоспарлар мен жобаларды орындау үшін барлық мүмкіндік бар екенін айтқым келеді, – деп атап өтті Нұржан Жұмаділов. – Жылдан жылға автомобиль және жолаушылар тасымалының рөлі мен маңызы артып келеді және біздің сала Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.


Басқарма басшысы 2023 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 392 шақырым жол, сондай-ақ елді мекендердің көшелері 20,4 миллиард теңгеге орташа жөндеумен қамтылғанын айтты. Ал ағымдағы жылы дәл осындай жұмыстармен 600-ден астам шақырым жол мен елді мекендердің көшелері қамтылып, бұл мақсатқа 28,5 миллиард теңге қарастырылған екен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар