Төле би ауданының көптеген аумағы да қамтылу үстінде. Тау жағалай қоныстанған ауылдардың біразы көмір жағудан құтылған. Ал облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шардара қаласы аз ғана уақыттан кейін табиғи газды тұтына бастайтын болады. Бүгінгі күні газ тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Шардара қаласында №18 газ тарату стансасының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш құрылыс былтыр басталған болатын. Одан бөлек 39 шақырым магистральді құбыр тартылды. Аталмыш құрылысқа қазына қазанынан 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Келер жылы Шардара қаласына газ құбырын жүргізу жұмыстары толықтай бітуі тиіс. 2020 жылдан бастап газ келетін болады. Алдағы уақытта осы жоба нәтижесінде Шардара қаласы мен оған іргелес 11 елдімекен, яғни, аудан тұрғындарының 55,7 пайызы табиғи газбен қамтылмақ.
Қаншама жылдардан бері ыс сасып, көмір жағып келген ағайын жағымды жаңалыққа бек қуанып отыр.
Қалалық ішкі газ жүйесінің құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық елді мекендерінің ішкі газ жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Биылғы жылы бұл жобаның да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының тағы да 40,6 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады.