Жаңаауыл ауылдық округі Ынтымақ елді мекенінде есігін айқара ашқан білім ұясы 600 орынға лайықталған. Жалпы сметалық құны – 1 млрд 87 млн теңге.
Заман талабына сай салынған ғимаратта оқушылар асханасы, химия, биология кабинеттері және мәжіліс пен спорт залдары бар. Жиырма бір оқу бөлмесінің барлығы да қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазір мұнда 1700-ден астам өрен білім алып жатыр.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты. Аймақ басшысы шәкірттермен тілдесіп, оларды жақсы оқып, еліміздің үлгілі азаматтары болуға шақырды. Бұған дейін ескі мектепте үш ауысымда білім алып келген ауыл балалары заман талабына сай еңселі ғимаратқа көшкендеріне дән риза.
Білім бөлімі басшыларының айтуынша, осы мектептің ашылуымен аудандағы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін тапқан.
- Жылдың соңына дейін тағы №114 жалпы орта мектебіміз жаңа ғимаратқа көшкелі отыр. Келесі жылға тағы да үш мектептің құрылысы жүргізіледі. Жалпы, 2020 жылға қарай ауданда барлық мектеп типтік ғимараттарға көшеді, – дейді Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тұрсын Мырзалиев.