20 sim-карта тәркіленді: Астанада жасөспірім алаяқтық схемаға тартылған

Қаракөз Амантай 19 там. 2025 09:30

Астананың кәмелетке толмаған тұрғыны заңсыз интернет-схемаға қатысқан. Ол sim-карталарды сатып алып, оларды үшінші тұлғаларға заңсыз мақсатта пайдалану үшін берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция департаментінің дерегінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мессенджерлер мен мобильді қосымшаларда “оңай табыс” уәде етіп, хабарландырулар жариялайды. Ол үшін қатысушылардан байланыс операторларының sim-карталарын сатып алып, оларды “байланысты құрылғылар” функциясы арқылы қолжетімді етуін талап етеді. Мұндай шарттарды орындағандарға күн сайын сыйақы беретінін айтады.

Жасөспірім осы ұсынысқа сеніп, көп мөлшерде sim-карта сатып алып, оларды белгісіз тұлғаларға қашықтан қолжетімді еткен. Нәтижесінде полиция қызметкерлері оның қолынан шамамен 20 sim-картаны тәркіледі. Олар алаяқтық әрекеттерге пайдаланылуы мүмкін еді.

Құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған баланың ата-анасын бала тәрбиесіндегі міндетін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

“Sim-карталар мен жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру қылмыстық схемалардың бір бөлігіне айналуы мүмкін. Заңнама мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырады. Азаматтарды сақ болуға, жеңіл табыс туралы күмәнді ұсыныстарға алданбауға және мұндай жағдайлар байқалғанда полицияға хабарлауға шақырамыз”, – делінген хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар