Қазақстанда автомобиль өндірісі қарқынды өсіп жатқанымен, саланың басты мәселелерінің бірі – көлікке қажетті бөлшектердің басым бөлігі әлі де шетелден жеткізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары елдегі автокөлік өндірісі айтарлықтай артқан. Егер 2010 жылдары жылына небәрі 3 мың көлік шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 171 мыңнан асқан. Биыл алғашқы алты айдың өзінде 94,4 мың автомобиль өндіріліп, өсім 35 пайызды құрады.
Алайда өндіріс көлемінің өсуі саладағы негізгі мәселені толық шеше алған жоқ.
“Ендігі негізгі міндет – дайын автокөлік шығарумен қатар, оның құрамдас бөліктерін өз елімізде өндіруді дамыту. Осы бағытта локализация деңгейін арттыру, автокомпоненттердің отандық өндірісін жолға қою және қазақстандық жеткізушілердің өндірістік экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде”, – деді министр.
Қазір Қазақстанда шиналар, аккумуляторлар, қозғалтқыш бөлшектері, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығарылады. Сонымен қатар бампер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын өндіретін жобалар іске асырылып жатыр.
Үкімет автокомпонент өндірісін дамыту үшін Қостанай, Саран және Алматы қалаларында өнеркәсіптік кластерлер қалыптастырып жатыр.
Сонымен қатар Қытайдың Li Auto, OMODA, JAECOO брендтерін шығару, SITRAK пилотсыз жүк көліктерін өндіру және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станцияларын салу жоспарланып отыр.
Министрдің мәліметінше, бүгінде елде автомобиль шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы бес жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Биыл өндіріс көлемін 190 мың көлікке дейін жеткізу жоспарланған.
Сонымен бірге министр автомобиль өндірісінің келесі кезеңі дайын көлік құрастыру емес, Қазақстанда толыққанды автокомпонент өндірісін қалыптастыру болатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл импортқа тәуелділікті азайтып, отандық кәсіпорындардың халықаралық өндіріс тізбегіне қосылуына мүмкіндік береді.