Алматы облысы Қараой ауылында 322 көпбалалы ана жер дауын көтерді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бұл жағдай бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2006 жылы Қараой ауылдық округінен жер телімдерін сатып алған 322 көпбалалы ана алаяқтықтың құрбаны болған. Кейін бұл жерлердің ауылшаруашылық мақсатта бөлінгені анықталып, тұрғындар 20 жыл бойы учаскелерін заңдастыра алмай келеді.
Алаяқтық ісі бойынша жауаптылар 7 жылға сотталып, жазасын өтегенімен, азаматтарға қаражат толық қайтарылмаған. Сот ақшаны өтеу жөнінде шешім шығарған, алайда тұрғындар жер телімдерін қайтаруды талап етіп отыр.
"Бұл мәселе бойынша азаматтар облыс әкімдігіне жүгінді. Жағдайды зерделеу үшін облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев Қараойға барып, жауапты органдармен бірге жиын өткізді. Облыс әкімдігі дауды шешу мақсатында арнайы комиссия құрып, 322 адамның тізімін нақтылау және құқықтық ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын бастайды", - деді Алматы облысы әкімдігінің өкілі Жанна Арынбекова.
