18 адам қаза тапқан Байзақ трагедиясы: жаңа дерек пайда болды

Көркем Алдабергенова 13 қар. 2024 10:22 1995

2021 жылы Жамбыл облысындағы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыста қаза тапқандардың жақындарына өтемақы берілетін болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл жолы жәбірленушілер қызметтік міндеттерін атқару кезінде жақындарының қайтыс болуына байланысты материалдық залал мен моральдық зиянның орнын толтыруды талап етті.

"Сот талапкерлерге келтірілген моральдық азаптың сипатын, емделудің ұзақ кезеңін және орны толмас шығыннан кейін қалпына келтіруді ескере отырып, денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын назарға алып, талапкерлердің талаптарын ішінара қанағаттандырды. Әскери бөлімнен әрқайсысына 1,4 млн көлемінде материалдық залал және 4 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өтелді", - деп хабарлады Байзақ аудандық сотындағылар. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Еске салайық, 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында қару-жарақ қоймасы жарылды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Трагедия салдарынан 18 адам қаза тапты. айтыс болғандардың ішінде Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі бір жылдан кейін табылды. Жүзге жуық адам жараланып, жүздеген адам басқа жерге көшірілген-ді. Қаза тапқандар арасында төтенше жағдай қызметінің, прокуратураның қызметкерлері мен әскерилер болды.

Ресми мәлімет бойынша, жарылыс шығыны 25 млрд теңге.  

2021 жылдың 29 қазанында Байзақтағы жарылыс құрбандарына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар