Қазақстаннан тыс жерде 17 жыл бойы жасырынып, халықаралық іздеуде болған Ю. Юсупов Алматыда 2008 жылы жасалған атышулы адам өліміне қатысқаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Юсупов ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде құжаттарын өзгертіп, басқа анкеталық деректермен жасырынып жүрген. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады бас прокуратура.
Прокуратура мәліметінше, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматы қаласының орталығында болған. Юсупов пен оның сыбайласы А. Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасып, жәбірленушіні Фурманов көшесіндегі үйдің маңында аңдыған. Ер адамға бірнеше рет оқ атылып, оның ішінде басының желке тұсына бақылау мақсатында оқ тиген. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында қайтыс болған.
Адам өлтіргеннен кейін Юсупов Қазақстаннан кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.
Оның сыбайласы Коваленко қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылдың жазында ол Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталған. Оқиға кезінде полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ведомствоның мәліметінше, Юсуповты іздеу жұмыстары бірнеше жыл бойы жалғасқан. Қылмыстық ортада ол «Кинг-Конг» лақап атымен танымал болған және қырғызстандық белгілі қылмыс әлемінің өкілінің айналасына кірген деген ақпарат бар. Сондай-ақ Қырғызстанның құқық қорғау органдары оны 2007 жылы Бішкекте көлік жуу орнының иесін өлтіруге қатысы бар деген күдікпен іздеген.
Юсупов бірнеше жыл бойы Еуропа елдерінде құжаттарын өзгертіп, басқа анкеталық деректерді пайдаланып жасырынған.
2025 жылғы тамызда Литва шекарасынан өту кезінде ол ұсталды. Сол жылдың қарашасында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Литвадан елге экстрадицияланды.
Бас прокуратураның мәліметінше, биыл шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған адам өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.