16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарағаны рас па? — Мәдиев пікір білдірді

Қаракөз Амантай 18 мау. 2025 14:28

Қазақстандықтардың жеке дерегі жаңадан тарады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, желіде жарияланған деректер бұрыннан белгілі базалардың жаңартылған нұсқасы ғана болуы мүмкін.

“Қазақстандықтардың жеке мәліметтері қандай да бір Telegram-арналарда пайда бола қалса, біз оларды дереу бұғаттаймыз. Рас, кейбір ескі деректер жаңартылған түрде қайта жарияланды. Бірақ олардың барлығы 2024 жылдың 1 мамырына дейінгі кезеңге тиесілі. Яғни, жаңа ауқымды ақпараттың тарауы тіркелген жоқ”, — деді министр Мәжіліс кулуарында өткен брифингте.ю

Бұған дейін

Айта кетейік, 17 маусым күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарады деген ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлаған еді.

Бұл көрсеткіш ел халқының басым бөлігін қамтиды. Тарап кеткен деректерде тұрғындардың тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен жайы, телефон нөмірлері (ұялы, үй және жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және басқа мәліметтер кездеседі.

Мамандардың айтуынша, бұл деректер қалай таралғаны әзірге белгісіз. Бұрын жарияланған мәліметтерді жинақтау арқылы пайда болуы немесе бұл мүлде жаңа оқиға болуы мүмкін. Кейбір деректер жабық Telegram арналар арқылы сатылып кетуі де ғажап емес.

Ал министрлік мәліметінше, азаматтардың жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат тексеріліп жатыр.

"Барлық бейінді ведомство мен қызметтер жұмылдырылды. Жан-жақты тексеріс жүргізіліп, соның ішінде деректердің өзектілігі тексеріліп жатыр. Бастапқы талдау жұмыстары деректердің көпшілігі ескіргенін көрсетті", - деді министрлік өкілі.

Министрлік мәлімдемесі

Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке дерегі тарап кетсе, eGov-тан хабарлама келетінін жеткізді.

"Алғашқы талдау жұмыстары бұл деректер мемлекеттік емес, жекеменшік жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік жүйелерден жеке деректер тараған жоқ, хакерлік шабуылдар салдарынан ақау да тіркелген жоқ", - деді министрлік өкілдері.

Ведомство мәліметінше, тексеріс толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға ерте.

"Азаматтың жеке деректері тарап кеткен мәліметтер арасында болса, бұл туралы электрон үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады", - деп жазылған мәліметте.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар