Biz Birgemiz қорында Перизат Қайраттан бөлек 10 құрылтайшы бар, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Ұлысмедиаға" сілтеп.
Ресми ашықдереккөздердегі мәлімет бойынша, қордың алғаш Астана қаласының Әділет департаменті 2021 жылы қарашада тіркеген. Қордың толық атауы – "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі.
Қордың құрылтайшыларының тізімінде Перизат Қайраттың өзімен қосқанда 10 адам бар. Олар:
- Матюшенко Сергей Владимирович
- Мағзұм Арсланбек Талғатұлы
- Тұрғанбай Шадияр Докторұлы
- Аманбай Аружан Оразбайқызы
- Болысов Тохтар Коммунарович
- Хисматуллин Дамир Сакенович
- Серикжанова Айгерим Тельжановна
- Сейткамал Гүлназ Нұрланқызы
- Хафиз Аян Бауыржанұлы.
Тізімдегі құрылтайшылардың біразының есімі Amanat партиясымен байланысты. Мәселен, Сергей Матюшенко партияның Астана қаласы Байқоңыр аудандық филиалының атқарушы хатшысы. Елордалық Азаматтық альянсты директоры болғанын әлеуметтік желіде жазады. Өзін желіде қазақ тілін білетін украин деп таныстырады.
Мағзұм Арсланбек Астана қаласы «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ филиалының төрағасы. 2023 жылғы 29 наурызда Астана қаласы мәслихатының VIII сайланымының депутаты болып сайланған.
Болысов Тохтар Коммунарович ашық дереккөздерде INMODE және CONSULT-INVEST ITIC компаниясының жетекшісі ретінде көрсетілген. Оның сонымен бірге, Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты жөнінде кеңесшісі екені жазылған. 2018-2024 жылдар аралығында Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры болған.
Серикжанова Айгерим Тельжановна Amanat партиясы жанындағы "Жастар Рухы "Жастар қанаты" қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының бұрынғы құрылтайшысы және SAT MEDIA компаниясының басшысы.
Хафиз Аян Бауыржанұлы – Amanat партиясы жанындағы "Жастар Рухы" Жастар қанаты " қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының бұрынғы құрылтайшысы. Тізімдегі басқа құрылтайшылар жөнінде ашық ақпарат көздерінде мәлімет табылмады.
Еске салайық, күні кеше Қаржылық мониторинг агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.
Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.
Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.
Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
Күдікті ұсталды.
Айта кетсек,32 жастағы ақтөбелік Перизат Қайратқызы шетелде (Ұлыбритания) оқып, жұмыс та істеген білімді жастардың бірі. Елге келген соң саясатқа тартылып, соңғы кездері үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеп жүр. Кейбір саясаттанушы ол басқаратын BizBirgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры үкіметтік еместен гөрі, билікке жақынырақ ұйым екенін айтады.
Су тасқыны кезінде Перизат белсенді жұмыстар атқарып, ел көзіне жиі түскен. Табиғи апат орындарында болған волонтер желіде сыни жазба да жазған. Биыл көктемде оның қайырымдылық аясында Газа секторына да барғаны туралы ақпарат бар.