12 сарбаздың қазасы: Қазгидромет Маңғыстауда жел күшейетіні алдын ала болжанғанын мәлімдеді

12 сарбаздың қазасы: Қазгидромет Маңғыстауда жел күшейетіні алдын ала болжанғанын мәлімдеді
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздар қаза тапқан күні өңірде желдің күшейетіні алдын ала болжанған. Бұл туралы Қазгидромет өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мекеменің мәліметінше, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы ауа райына атмосфералық фронт әсер еткен. Бір күн бұрын жарияланған болжамда өңірдің батысында, солтүстігі мен орталығында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жететіні ескертілген.

"Қазгидрометтің болжамына сәйкес, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы ауа райы атмосфералық фронттың ықпалымен қалыптасты. 23 қыркүйекте жарияланған болжамда келесі күні облыстың батысында, солтүстігі мен орталығында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейетіні көрсетілген. Метеорологиялық станциялардың бақылауы бойынша, іс жүзінде шығыс бағыттағы желдің жылдамдығы секундына 15–16 метрге жетті", – деді Қазгидромет өкілі.

Әлеуметтік желіде Ақтау тұрғындарына 112 қызметінен жіберілген ескерту хабарламалары да тарады. Онда 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында желдің секундына 15–20 метрге дейін күшейетіні, дала өрті қаупі бар екені және белгіленбеген орындарда суға түсуге тыйым салынатыны жазылған.

Еске салайық, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші суға кеткен. Қорғаныс министрлігінің нақтыланған мәліметіне сәйкес, 12 сарбаз қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Осы деректерге байланысты әскери оқу-жаттығуды өткізу кезінде алдын ала жасалған ауа райы болжамы мен төтенше жағдай туралы ескертулердің ескерілген-ескерілмегені жөнінде сұрақ туындап отыр. Оқиғаның мән-жайын үкіметтік комиссия анықтайды.