Сот отырысында Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның телефонына сақтап қойған жазбасы оқылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тізімде мына нәрселер жазылған (орфографиясы сақталды):
"37 000 000 - машина,
5 000 000 тіс емдеу,
10 000 000 турцияга барып емделіп келу,
3 000 000 бады алып ішу,
10 000 000 кыдыру,
3 000 000 фэн шуй 1 000 000 базцы оку,
2 000 000 офлайн бару кыдыру сол уакыттарда,
3 000 000 киім алу
3 000 000 білезік ак алтын брилиант".
Еске салайық, бұған дейін прокурорлар Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 8 жылға соттауды сұраған болатын.
Бұған дейін істі қарап жатқан судья Сабыржан Каримов сот отырыстарының кестесін дүйсенбі және бейсенбі күндеріне белгілеген болатын. Алайда өткен аптада отырыстар сәрсенбі, бейсенбі және жұма күнінің бірінші жартысында да өткізілді.
Бұған дейін сот отырысында Қайратқа 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйлеген еді. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.
Сонымен қатар Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын тексерместен 300 млн теңге аударғаны туралы мәлімдеген еді.
Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылды.