Qamshy.kz порталы Алашорда қайраткерлеріне арнап ас берді

Dalanews 06 нау. 2017 11:03 195

5 наурыз күні Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Алаш Арыстарына арналған ас өтті. Асты «Қамшы» ақпараттық агенттігі ұйымдастырды. Сондай-ақ астың өтуіне Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған, қазақ интеллигенциясының ізі қалған Байтұрсынұлы үйі-музейінің директоры Райхан Сахыбекқызы қолдау білдірді. Айта кетсек, бүгін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Сондай-ақ биыл Алаш Арыстары атылған қанды «37»-ге де 80 жыл толды.

Асты танымал журналист, Алаш әскері туралы зерттеулер жасаған Болат Мүрсәлім жүргізді. Асқа жиналған қауым алдымен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы бас мүфтиі Ержан Қажы Малғажар ұлы Майемеровпен бірге Алаш қайраткерлеріне, ғасыр бұрын Қазақстанның іргетасы Алаш Орда автономиялық мемлекетін құрған бабаларымызға құран бағыштады.

Құраннан соң Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш интеллигенциясын ардақтап сөз сөйлеп, баяндамасын жасады. Ол өз сөзінде «Алаш қайраткерлеріне арнаулы музей салынуы қажет, оны билікке қарап отырмай қалың қазақ өзіміз жабылып салуымыз керек!» деп бастама көтерді. Сондай-ақ «Қамшы» порталы ұсыныс еткен «100 ағаш отырғызу» идеясын осы жаңа музеймен байланыстырып, «100 ағаш жаңа музей ауласында бой көтеруі тиіс» деді. Мәмбет Қожабайұлымен бірге сөз алған Президенттің Парламенттегі өкілі Сабыр Қасымов та құттықтауын оқыды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов сөз алып, Алаш Арыстарына арналған астың Алаш Орданың 100 жылдығын тойлаудың бастамасы екенін еске салып, құтты болсын айтты.

Алаш Қайраткерлерінің жарқын өкілі Мұхтар Әуезовтің ұлы, ғалым Мұрат Әуезов те тебірене сөйлеп, әкесі Мұхтар Омарханұлының аузынан естіген естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қоса «Ақ орда» республикалық қозғалысы басшы Қайрат Сатыбалдының арнайы құттықтауын өкіл Қанат Мұсағұлов оқыды.

Асқа Торғай өңірінен, Шығыс Қазақстан облысынан, Оңтүстік Қазақстан облысынан ресми қонақтар келді. Әкімдерінің құттықтауын ала келген өкілдер Алаш арыстарына арнап беріліп жатқан асқа ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ сахнаға Қазақстан Жазушылар одағының басшысы орынбасары Маралтай Райымбек шығып, одақ басшысы Нұрлан Оразалинның құттықтауын жеткізді. Ал, астың өтуіне кеңесшілік еткен ақын Алмас Ахметбек «Әлихан монологы» өлеңін оқыды.

Айта кетер болсақ, сөз алғандардың барлығы Алаштың тойына бастама болып жатқан «Қамшы» порталына, порталдың жетекшісі Біләл Қуанышқа алғыстарын айтты. Сөз соңында «Қамшы» порталының жетекшісі әрі жоба авторы Біләл Қуаныш «Әр қазақтың Алаш арыстарының алдында қарыздар екенін, Алаш қайраткерлеріне тағзым ету борышы» екенін айта келіп, асқа келген қонақтарға алғысын білдірді.
Асқа келген қонақтар арнаулы тігілген 7 киіз үйде дастарханға жайғасқан сәтте шағын концерттік бағдарлама қойылды. «Тұран тобы», «Алаш ұлы» тобы, Бибігүл Қилымхан, сияқты өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x