Меруерт Қазыбекова: "Досаевтың бастамасы шағын бизнесті орға жығуы мүмкін"

Dalanews 22 қаң. 2020 10:13 157

«Ақ жол» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазыбекова Ұлттық банктың валюта айырбастау пункттеріне қойып отырған жаңа талабы шағын кәсіпкерлерге ауыр соққы болып тиетінін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі.  

 

Қазыбекованың уәжі

Мәжіліс депутатының айтуынша жаңа талап шағын кәсіпкерлердің жолын кесіп, валюта сату ісінде «көлеңкелі бизнестің» өркендеуіне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, депутат жаңа талап ірі қаржы ұйымдары мен банктердің мүддесін көздейтінін де жасырмапты.

– Шағын кәсіпкерлік саласын адамдарды жұмыспен қамтитын сала деп қарамау керек, сонымен қатар бұл саланы қызмет көрсету саласын дамытушы екенін де ұмытпаған жөн. Осыған дейін шағын валюта айырбастау нысандары қолайлы курспен халықтың валютасын айырбастап, қызмет көрсетіп келді. Ол күндіз-түні жұмыс істеді. Ал банктер түнде бөлімшелерін ашып, бірлі-жарым клиенттің ақшасын айырбастап бермейді. Өзбекстанның қаржы саласында дәл осыған ұқсас реформа жүріп, қарапайым халық тиміді бағада қолындағы валютасын айырбастай алмай қиналғаны есімде. Бізге мұның қажеті қанша? – деп Меруерт Қазыбекова көкейде жүрген ойын ортаға сады.


Өз кезегінде Мәжіліс депутаты «Ақ жол» партиясының аймақтағы филиалдарынан Ұлттық банктың жаңа талаптарына қарсы шағын кәсіпкерлерден хаттар көптеп келіп жатқанын айтты.

 

 

100 млн теңге

Жаңа талап бойынша бұдан былай республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан валюта айырбастау пункттерінің кассасындағы қаржысы 100 млн теңгеден кем болмауы керек екен (бұрынғы талапта 30 млн теңге). Шағын валюта айырбастау пункттерінде мұншама қыруар қаржы қайдан болсын. Ерболат Досаев бастаған Ұлттық банктың мамандары бұған бас ауыртпаған сыңайлы.

– «Кассадағы қаржы қорының төменгі шегі 100 млн теңге болуы керек» деген талапты ақылға сидыра алмадым. Ұлттық банк кассада 100 млн теңге болса бұл еліміздегі кәсіпкерлікті дамытатынын айтуда. Қазір ешкім қолындағы 300 мың долларын бірінші кездескен валюта айырбастау пункітіне барып, теңгеге айналдырып алмайды. Мұндай жағдай болса да, өте сирек кездесуі мүмкін. Сондықтан Ұлттық банктың жаңа талабы логикаға сыймайды, – деді депутат.

Жаңа талапта валюта айырбастау пункттерінің уақытын қысқарту ісі де назардан тыс қалмапты. Егер Ұлттық банктың талабына Үкімет тоқтау салмаса, бұдан былай валюта айырбастау пункттері қас қарайғанша жұмыс істемейді.


Бүгінде елдің бәрі күні бойы жұмыс істейтіні белгілі. Олар жұмыстан кейін ғана жақын маңдағы валюта айырбастау пунктіне барып, айлықтан жырымдап жинаған 100-200 долларын теңгеге айырбастап, қажетіне жарататыны белгілі. Мұны Досаев білмей ме?

 

Кассир қызды алыстан танитын болдық

Бұл талап шағын кәсіпкерлерді былай қойғанда қарапайым халық үшін де тиімсіз болып тұр. Жұмыс арасында 100 долларды теңгеге айырбастау үшін көше кезіп кеткен қызметкерін бастығы басынан сипай қоймасы анық.

Тағыда айтасақ, Ұлттық банктың жаңа талабы бойынша валюта айырбастау пунктінің иелері күзет жалдап, кассирдің қауіпсіздігі қамтамасыз ету үшін оққағар жалдауы керек екен (Инкасатордың көмегіне жүгініңдер демегеніне шүкір). Алдағы уақытта әдемі қыздың қасында бес қаруын асынған біреу жүрсе, әлгі бойжеткеннің валюта айырбастау пунктінде істейтін кассир қыз екенін алыстан танитын болдық.


Жағдай осындай. Ерболат Досаевтың тың идеяларына «Ақ жол» партиясы қарсы тұрып, қоғамға өзінің саяси салмағын көрсетуге бекініпті.

 

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x