"Қоңыров? Ол мені сатып кетті". Коммунист Косарев дабыл қағып жатыр

Dalanews 19 қар. 2020 09:36 287

Партияластарына өкпесі қара қазандай Мәжіліс депутаты, бұрынғы Қазақстан халықтық коммунистік партиясының мүшесі Владислав Косарев бөлек коммунистік партия құрамын деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, партия атауынан коммунистік сөзін алып тастау қателік.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

- Әріптестерім партиямыздың атауындағы коммунистік сөзін алып тастай отырып, кешіруге келмейтін саяси қателік жасады. Сол әрекеттерімен мені сатып кетті десе болады. Жалпы Коммунистер партиясының парламентке енуіне аянбай тер төктім. Енді соны жоққа шығармақ. Әрі парламенттегі орындарынан айырылып қалмау үшін, әлдебіреулерге ұнамайтын коммунизм сөзінен бас тартып отыр.


Естеріңізге сала кетейік Қазақстан халықтық коммунистік партиясы кезектен тыс съезінде атауын өзгертті. Ұйым атауынан "коммунистік" сөзі алып тасталды. Партия мүшелерінің басым бөлігі ребрендингті қолдаған. Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев бұған үзілді-кесілді қарсы.

Айта кетсек, Мәжілістегі ең егде депутат жуырда ғана 83-ке толды. Мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясының мүшесі, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Ал Халықтық партияның хабарлауынша, Косаревтің өзінен партиядан шығу туралы ресми өтініш түспеген. Егер партиядан шығар болса, мандатынан айырылып, мәжілістегі орнын босатуға міндеттелмек. Косаревтің өзі болса, жақтастарын жинап, жаңа партия құру ісіне кірісіп кеткен.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

- Төрт-бес облыста ұйымдастыру комитеттері жұмыстарын бастап кетті. Олар партия құрамын жасақтаумен айналысып жатыр. Бұл қиын шаруа, алдымызда тосқауыл көп. Коммунисттік партия тарихының өзі күреске толы, сондықтан демалысты ысырып тастап, коммунизм идеясының орнығуы үшін күш саламын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x